Иран мұнай танкерлерін халықаралық суға шығарды

АСТАНА.KAZINFORM - Спутниктен түсірілген суреттер Иранның портта тұрған барлық мұнай танкерлерінің жоғалып кеткенін көрсетеді. Олар Израильдің ірі мұнай терминалына шабуыл жасалу қаупінен халықаралық суға шығып кетті,  деп жазады BILD.

Иран
Фото: BILD

Басылымның хабарлауынша, бірнеше күн бұрын «мұнай аралы» деп аталатын Харк аралына жақын жерде бірнеше танкер тұрған. Иран мұнай экспортының шамамен 90% - ы осы стратегиялық маңызды порт арқылы өтеді. Алайда 4 қазан, жұма күні порт күтпеген жерден бос қалды. Бұған спутниктік суреттер дәлел.

Бір нұсқа бойынша, Иран билігінің мұндай дүрбелең реакциясында АҚШ президенті Джо Байден маңызды рөл атқаруы мүмкін. 3 қазандағы баспасөз мәслихатында ол Израильдің Иранның ядролық бағдарламасына қарсы соққы беруін қолдамайтынын айтты.

«Егер мен Израильдің орнында болсам, мұнай нысандарына шабуыл жасаудан басқа нұсқаларды қарастырар едім», - деді ол Ақүйде өткен баспасөз мәслихатында.

Байденнің пікірі мұнай нарығындағы ауытқуларға себеп болды. Ал Иран алдын ала сақтануға шешім қабылдап, танкерлерін қайтарып алды.

TankerTrackers шикі мұнайды жөнелту жалғасып жатқанын хабарлайды. Дегенмен «барлық қосымша жүк тасымалдау мүмкіндігі» порттан алынып тасталды. Мұның Иран үшін қандай экономикалық салдары болатыны белгісіз.

Бұған дейін Израильдің Бейрутке жаңа шабуылдар жасағаны хабарланған болатын.

Айта кетейік, Иран Израильге зымырандарын ұшырды. Йемен де Палестина мен Ливанды қолдап, Тель-Авивтегі Израильдің әскери нысанасына шабуыл жасау үшін Яфа ұшқышсыз ұшағын пайдаланды.

Израиль өз кезегінде Ираннан кек алуға уәде берді.