Иран Ормуз бұғазы арқылы өтуге рұқсат етілген елдерді атады

АСТАНА. KAZINFORM — Иран парламентінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Амир Хаят Могаддам Үндістан, Қытай, Ирак және Қатар туымен жүзетін кемелер Ормуз бұғазы арқылы кедергісіз өте алатынын мәлімдеді. Бұл туралы Report агенттігі хабарлады.

Иран Ормуз бұғазы арқылы өтуге рұқсат етілген елдерді атады
Фото: Анадолы

— Қазіргі уақытта Үндістан, Қытай, Ирак және Қатар кемелерін Ормуз бұғазы арқылы өтуге қойылған шектеулерден босаттық. Бұл елдердің кемелері бұғаздан еркін өтеді, АҚШ та оларға кедергі келтірмейді, — деді Иран өкілі.

Оның айтуынша, Қатар кемелерінен Ормуз бұғазы арқылы өткені үшін ақы алынбайды. Агенттікке сұхбат берген шенеунік мұны қалыптасқан жағдаймен байланыстырды. Оның сөзінше, Тегеран шешім қабылдағанда тараптардың өзара мүддесін ескереді.

Парламент өкілі Үндістан кемелерінің бұғаздан өтуіне жеңілдік жасаудағы мақсат осы елден дәрі-дәрмек импортын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Ал Қытай кемелеріне берілген жеңілдіктер Бейжіңнің саяси қолдауына ие болуды көздейді.

Иран шенеунігі Үндістан мен Қытай кемелерінен бұғаз арқылы өткені үшін ақы алынатынын, ал Қатар кемелеріне мұндай төлем қарастырылмағанын да түсіндірді.

Бұған дейін Иран АҚШ талаптарды орындаса, Ормуз бұғазын екі күнде ашуға дайын екенін хабарлаған болатын.