Иран Ормуз бұғазын жауып тастауы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Иран парламенті Ормуз бұғазын жабуды ұсынды, деп хабарлайды Анадолы.

Иран парламентінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комиссиясының мүшесі Исмаил Кевсери «Х» әлеуметтік желісіндегі жазбасында Иран парламенті Ормуз бұғазын жабуды қолдайтынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, түпкілікті шешімді елдің Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесі қабылдауы тиіс.
Бұл мәлімдеме 22 маусымда АҚШ Исфахан, Натанз және Фордо қалаларындағы Иранның үш ірі ядролық нысанына ауқымды соққы жасағаннан кейін айтылды.
Вашингтон бұл операцияның мақсаты — Тегеранның ядролық бағдарламасын «жою немесе едәуір әлсірету» болғанын хабарлады. Иран қатаң жауап қайтаруға уәде берді.
Ормуз бұғазы арқылы тек Иран ғана емес, Сауд Арабиясы, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт пен Катар да мұнай экспорттайды. Бұл әлемдегі теңіз арқылы тасымалданатын мұнайдың шамамен 20%-ын құрайды.
Еске салайық, АҚШ Иранның ядролық нысандарына соққы жасаған болатын. Дональд Трамп бұл операцияны сәтті деп бағалады.