Вьетнамда маса арқылы тарайтын қауіпті инфекция өршіп барады
АСТАНА. KAZINFORM – Вьетнамның туристер арасында танымал Дананг қаласында денге безгегін жұқтырғандар саны күрт артты. Биыл тіркелген науқастар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7 есе көп.
Бұл жағдай шетелдік туристерге, соның ішінде Қазақстан азаматтарына да қауіп төндіруі мүмкін.
Дананг қаласының Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметінше, 16-22 қараша аралығында қалада денге безгегін жұқтырудың 2 219 жаңа дерегі тіркелген. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 15 пайызға көп.
2026 жылдың басынан бері қалада инфекция жұқтырудың 12,5 мыңнан астам жағдайы анықталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен шамамен 3,7 есе жоғары.
Эпидемиологиялық ахуал әсіресе Нгу Хань Шон ауданында күрделі. Жыл басынан бері мұнда 1 363 адам денге безгегіне шалдыққан. Оның 230-ы соңғы аптада тіркелді. Инфекция таралған өзге аудандардың қатарында Ан Кхе, Дьен Бан Донг және Шон Ча бар.
Ауру ошақтарының саны да артып келеді. Соңғы аптада 86 жаңа ошақ анықталған. Жыл басынан бергі жалпы көрсеткіш 796-ға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бес есе көп.
Дананг қаласының Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы инфекцияның таралуын тежеу үшін жергілікті билік шұғыл шаралар қабылдап, тұрғындар белсенділік танытуы қажет екенін атап өтті.
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы да денге безгегін жұқтыру қаупіне назар аударды. Мамандардың айтуынша, аурудан сақтанудың ең тиімді жолы – маса шағуынан қорғану.
Денге безгегі Aedes тұқымдасына жататын жұқтырған масалардың шағуы арқылы таралады. Аурудың негізгі белгілері – дене қызуының көтерілуі, қатты бас ауруы, көз тұсының, бұлшықет пен буындардың ауыруы, жүрек айну және тері бөртпесі.
Вьетнамға баруды жоспарлаған қазақстандық туристерге масаға қарсы репеллент қолдану, жеңі ұзын әрі кең киім кию ұсынылады. Сондай-ақ кондиционері немесе терезесінде масаға қарсы торы бар баспананы таңдаған жөн.
Бұған дейін жаһандық жылыну малярия мен денге безгегінің таралу аумағын кеңейтіп жатқаны хабарланған болатын.
Осыған дейін безгек пен денге қызбасы тропикалық аймақтардан тыс жерлерде де тарала бастағаны туралы жаздық.