Иран Парсы шығанағы атауын бұрмалағаны үшін Google-ды сотқа бермек

АСТАНА. KAZINFORM – Тегеран америкалық IT компаниясын мәдени бірегейлікке нұқсан келтірді деп айыптап, соттың істі қарауына дайын екенін мәлімдеді.

Иран Парсы шығанағы атауын бұрмалағаны үшін Google-ды сотқа бермек
Фото: IRNA

Иранның Виртуалды кеңістік ұлттық орталығы өз қызметтерінде «Парсы шығанағы» тарихи атауын бұрмалағаны үшін Google-ға қарсы сот ісін жүргізу ниеті туралы хабарлады.

Құқықтық және парламенттік мәселелер орталығы басшысының орынбасары Мохаммад-Садек Фарахани Google-дың әрекетін айыптап, «Парсы шығанағы» атауын бұрмалау Иранның мәдени сәйкестігін бұзу екенін баса айтты.

- Елдің киберкеңістігіне бақылау жасайтын орган ретінде біз Иранның мәдени сәйкестігін қорғауды және қажетті шараларды қабылдауды өз міндетіміз деп санаймыз, - деп мәлімдеді Фарахани сенбі күні.

Ол орталық үш бағытта әрекет етуді жоспарлап отырғанын атап өтті: халықаралық ұйымдарда ресми түрде наразылық білдіру, халықаралық соттар мен трибуналдарға шағымдану, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігімен және сот жүйесімен бірлесіп ұлттық соттарға шағым түсіру.

Фарахани «Парсы шығанағы» атауын бұрмалау Иранның тарихи және мәдени мұрасына нұқсан келтіру әрекеті ретінде қабылданатынын атап өтті.

Google бұл мәселе бойынша әлі ресми түсініктеме берген жоқ.

Бұған дейін ирандық парламентшілер де Парсы шығанағының атауын өзгерту әрекеттеріне алаңдаушылық білдіріп, оның ел үшін тарихи және геосаяси маңыздылығын атап өткен.

Бұл Иранның халықаралық ақпарат көздерінде Парсы шығанағы үшін балама атаулардың қолданылуына наразылық білдірген бірінші жағдай емес. Ел халықаралық қатынастарда тарихи дәлдік пен мәдени бірегейлікті дәйекті түрде қорғап келеді.

7 мамырда Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Парсы шығанағының тарихи атауын өзгерту әрекетінің саяси астары бар және Тегеран оны дұшпандық қимыл ретінде қабылдайтынын мәлімдеді.

- Бұл жай ғана географияның мәселесі емес. Бұл бүкіл Иран халқының ұлттық болмысына нұқсан келтіріп, қадір-қасиетін қорлау әрекеті, - деп жазды Аракчи X әлеуметтік желісінде.

Ол Парсы шығанағы атауының ғасырлар бойы тарихи, дипломатиялық және картографиялық дереккөздерде сақталғанын баса айтты.

Министр реакциясын Associated Press агенттігінің америкалық шенеуніктерге сілтеме жасай отырып, АҚШ президенті Дональд Трамп Эр-Риядқа сапары кезінде жалпы қабылданған «Парсы шығанағы» терминінің орнына «Араб шығанағы» терминін қолдануға көшетінін ресми түрде жариялауы мүмкін деп хабарлағаннан кейін білдірді.

Соңғы жаңалықтар