Иран президенті: қарулы қақтығысты тоқтатудың жалғыз жолы — оқ атуды доғару

СТАМБҰЛ. KAZINFORM — Израильдің агрессиясын тоқтату — Иран мен Израиль арасындағы қақтығысты аяқтаудың жалғыз жолы. Бұл туралы Иран президенті Масуд Пезешкиан мәлімдеді, деп жазды Анадолы.

Иран президенті: қарулы қақтығысты тоқтатудың жалғыз жолы — оқ атуды доғару
Фото: Анадолы

Оның айтуынша, Израиль сондай-ақ агрессияны қайталамауға кепілдік беруі тиіс.

— Біз әрдайым бейбітшілік пен тұрақтылыққа ұмтылып келдік. Алайда қазіргі жағдайда бұл бізге таңылған соғысты тоқтатудың жалғыз жолы — қарсыластың агрессияны толық тоқтатуы және сионистік террористердің авантюрасына біржола шек қоятын нақты кепілдің берілуі, — деп жазды саясаткер әлеуметтік желіде (X платформасында).

Президент егер бұл талап орындалмаса, Иранның жауға беретін жауабы «қатаң әрі ауыр» болатынын ескертті.

Қақтығыстың өршуі: Израильдің соққылары мен Иранның жауабы

2025 жылы 13 маусымда Израиль Иранның әртүрлі қалаларында орналасқан ядролық нысандар мен жоғарғы әскери басшылықтың мекенжайларына кең ауқымды шабуыл жасады.

Аталған соққылар нәтижесінде Иран Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, Ислам революциясы сақшылар корпусының бас қолбасшысы, бірнеше жоғары лауазымды әскери тұлғалар және ядролық зерттеулермен айналысқан тоғыз маман қаза тапты.

Иран үкіметінің мәліметі бойынша, 585 адам қаза тауып, 1300-ден астам адам жараланған.

Жауап ретінде Иран Израиль аумағына баллистикалық зымырандармен соққы берді. Ресми деректерге сүйенсек, бұл шабуыл кезінде 24 адам қаза тапты, 500-ден астам адам жараланды.

Халықаралық қауымдастық тарапынан, соның ішінде Түркия да, Израильдің әрекетін қатаң айыптады.

Еске сала кетейік, бұған дейін БҰҰ бас құқық қорғаушысы Иран мен Израильді гуманитарлық заңдарды сақтауға шақырғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар