Иран президенті Тегерандағы су мәселесі күрделі екенін мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – Тегерандағы су ресурстары мен қорларының азаюы алаңдатарлық жағдайда. Бұл туралы Иран президенті Масуд Пезешкиан Ішкі істер министрлігінде губернаторлармен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Anadolu Ajansı.

Иран президенті Масуд Пезешкиан
Фото: Anadolu Ajansı

- Бүгінде Тегеран су ресурстарының айтарлықтай қысқаруымен бетпе-бет келіп отыр, біздің қорларымыз алаңдатарлық жағдайда. Бұл дағдарысты еңсеру қоғамдық үйлестірусіз мүмкін емес. Егжей-тегжейлі бағалау су қорының таусылғанын және осы уақытқа дейін ресурстардың дұрыс пайдаланбағанын көрсетіп отыр, - деді Иран президенті.

Ол қазіргі жағдайға табиғатты немесе басқа адамдарды кінәлауға болмайтынын атап өтті.

Пезешкиан сондай-ақ бұл жағдайдың өткендегі дұрыс емес шешімдерден туындағанын атап өтті.

- Біз реформа жолында жауапкершілікпен әрі мұқият жүруіміз керек. Бізге сезімтал, ғылыми және көреген басқару керек. Елді су дағдарысынан құтқару үшін үкімет те, халық та осынау ұлттық процеске барынша көңіл бөліп, белсенді рөл атқаруы тиіс, - деді ол.

Бөгеттердегі су деңгейі Иранда жалғасып жатқан құрғақшылық салдарынан төмендеді. Тегеран провинциясы су ресурстары басқармасының 20 шілдеде таратқан мәлімдемеде Тегеранды қамтамасыз ететін бөгеттердегі су қоры соңғы ғасырдағы ең төменгі деңгейге жеткені ескертіліп, халықты суды үнемдеуге шақырды.

Бұған дейін еліміздің Су министрлігі суды үнемдеп пайдалануға шақырып, арнайы әдістемелік ұсыныстар әзірлеген болатын.

Соңғы жаңалықтар