14:43, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
Иран Президенті Қазақстан басшысының дағдарыстан шығу туралы ұсынысын жоғары бағалады
ТЕГРАН. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Тегранда ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Иран Ислам Республикасының Президенті Махмұд Ахмадинежадпен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Кездесуде Қазақстан мен Иран арасындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Дағдарыстан шығу кілті» атты мақаласын талқылауға айрықша назар аударылды. Махмұд Ахмадинежад Қазақстан басшысының дағдарыстан шығу туралы ұсынысын жоғары бағалады. Сонымен қатар Иран басшысын Н. Назарбаевтың БҰҰ қамқорлығы аясында біртұтас әлемдік валюта құру туралы ұсынысы қызықтырды», деді ҚР Премьер-Министрінің баспасөз хатшысы Айнагүл Шәкірова. «Махмұд Ахмадинежад мырза Қазақстан Президентінің бұл бастамасы өте қызықты ұсыныс екенін және әлі де зерделеу қажеттігін атап көрсетті», деді ол.Баспасөз хатшысының айтуынша, сұхбаттасушылар Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий жариялау мәселесінде ортақ тоқтамға келген. «Аталмыш мәселе Махмұд Ахмадинежадтың алдағы сәуір айының басында Қазақстанға жоспарланып отырған сапарының барысында мұқият талқыланады», деді ол. А. Шәкірованың айтуынша, сондай-ақ К. Мәсімов пен Махмұд Ахмадинежад Өзен (Қазақстан) ? Қызылгая ?Берекет-Этрек (Түрікменстан) ? Горган (Иран) теміржол желісін салу жобасының құрылысын жүзеге асыру барысын талқылаған. Бұл ретте Қазақстан,Иран, Түрікменстан Президенттері қол қойған келісімдерге сәйкес бұл бағыттағы жұмысты белсендіру қажеттігін атап көрсеткен. Айта кетейік, К. Мәсімов Тегранға ЭЫҰ Мемлекет және Үкімет басшыларының 10-шы саммитіне қатысу үшін келген болатын.