Иран ШЫҰ-ға қосылу міндеттемелері туралы меморандумға қол қойды

ТЕГЕРАН. ИРНА-ҚазАқпарат – Иран сыртқы істер министрі Хоссейн Амир Абдоллахиян мен Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының бас хатшысы Чжан Мин Самарқанда Иранның Ұйымға мүше мемлекет мәртебесін алу бағытындағы міндеттемелері туралы құжатқа қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі ИРНА агенттігіне сілтеме жасап.
None

ШЫҰ бас хатшысы Чжан Мин бұл күннің Иран үшін де, Ұйым үшін де маңызды екенін айтты.

«Иранның мүше елдер қатарына қосылуы Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымын күшейте түседі», - деді ол.

Иран 2005 жылы ШЫҰ-ның бақылаушы мемлекеті атанды. Елдің Ұйымға толық мүшелікке өту процесі 2021 жылы басталды. Меморандумда қаралған барлық міндеттемелер орындалғаннан кейін Иран Ислам Республикасы ШЫҰ-ның толық мүшесі болады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 14 қыркүйекте Ташкентте Египет Араб Республикасы мен Катар мемлекетіне Шанхай ынтымақтастығы ұйымы диалогі бойынша серіктес мәртебесін беру туралы меморандумдарға қол қою рәсімі өтті.

Айта кетсек, Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммиті 15-16 қыркүйекте Самарқанда өтеді. Саммитке 15 мемлекеттің басшысы және ШЫҰ-мен ресми байланыс орнатқан онға жуық халықаралық және өңірлік ұйымдардың, атап айтқанда БҰҰ, ЭСКАТО, ЮНЕСКО, ТМД, ҰҚШҰ, ЕАЭО, АӨСШК және ЭЫҰ мен ЛАГ жетекшілері қатысатыны белгілі.







Фото: en.irna.ir

Соңғы жаңалықтар