Иран СІМ басшысы Аустралия премьер-министрін «әлсіз саясаткер» деп атады
АСТАНА. KAZINFORM — Тегеран Аустралия үкіметінің ирандық дипломаттарды елден шығаруға қатысты шешіміне пікір білдірді.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Канберраның айыптауларын мүлдем негізсіз деп атады. Бұл туралы ол X әлеуметтік желісінде жазды.
— Иран — әлемдегі ең көне еврей қауымдарының бірі тұратын ел. Мұнда ондаған синагога бар. Біз өз елімізде оларды қорғау үшін бар күшімізді салып жатқанда, Аустралиядағы мұндай орындарға шабуыл жасадық деген айыптаулар — мүлде қисынсыз, — деді Аракчи.
Министр сонымен қатар Аустралия премьер-министрін «әлсіз саясаткер» деп атады.
Бұған дейін Аустралия премьер-министрі Иран елшісі мен тағы үш дипломатты елден шығару туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген болатын. Сонымен қатар Аустралияның Тегерандағы елшілігінің жұмысы тоқтатылды.
Аустралияның қауіпсіздік және барлау қызметінің деректеріне сәйкес, өткен жылы Мельбурндағы синагога мен Сиднейдегі мейрамханаға жасалған шабуылдардың артында Иран тұрған.