Иран соңғы ондаған жылдағы ең ауыр су дағдарысымен күресіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Иран билігі 10 миллионнан астам тұрғыны бар Тегеран қаласы елді қамтыған қуаңшылық жалғаса берсе, жақын арада өмір сүруге жарамсыз болуы мүмкін деп ескертті. Бұл туралы АЗЕРТАДЖ хабарлады.

Иран
Фото: Азертадж

Reuters мәлім еткендей, Иран Президенті Масуд Пезешкиянның айтуынша, егер желтоқсан айына дейін жауын-шашын болмаса, үкімет Тегеранда суды нормалау шараларын енгізуге мәжбүр болады.

— Егер біз суды нормаласақ та, жаңбыр жаумай қойса — онда мүлде су болмайды. Ондай жағдайда Тегеран тұрғындарын эвакуациялауға тура келеді, — деді Президент Пезешкиян 6 қарашада.

Үкімет өкілдері қазіргі су тапшылығын бұрынғы басқару саясатымен, климаттың өзгеруімен және суды шамадан тыс тұтынумен түсіндіреді.

Иран Су зерттеулері институтының басшысы Мохаммадреза Кавианпурдың мәліметінше, өткен жылы елдегі жауын-шашын мөлшері соңғы 57 жылдағы орташа деңгейден 40% төмен болған. Сарапшылардың болжамынша, қуаңшылық кем дегенде желтоқсанның соңына дейін жалғасады.

Тегеран толығымен қаладан тыс орналасқан өзендерден су алатын бес су қоймасына тәуелді. Алайда, соңғы уақытта су келуі күрт азайған. Тегеран аймақтық су компаниясының басшысы Бехзад Парса өткен аптада су деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 43%-ға төмендегенін айтты. Амир-Кабир су қоймасы қазіргі таңда бар болғаны 14 млн текше метр суды ұстап тұр, бұл оның жалпы сыйымдылығының 8%-ын ғана құрайды.

Оның айтуынша, Тегеранның су қоймалары бұрын шамамен 500 млн текше метр су ұстай алатын болса, қазір тек 250 млн текше метрге жетіп отыр — бұл екі есе аз. Қазіргі тұтыну деңгейі сақталса, су қоры екі аптаның ішінде таусылуы мүмкін.

Дағдарыс тек Тегеранмен шектелмей отыр. Ел бойынша 19 ірі су қоймасы — Ирандағы барлық су қоймаларының шамамен 10%-ы — толығымен кеуіп қалған. 4 миллион халқы бар екінші ірі қала Мешхедте су қоры 3%-дан төмен деңгейге түскен.

Билік климаттың өзгеруі судың жетіспеушілігін күшейтіп отыр дейді — температураның көтерілуі булануды және жер асты суларының азаюын жылдамдатқан.

Қазір үкімет қалған суды сақтау үшін уақытша шаралар қабылдауда — кейбір аудандарда су қысымы төмендетіліп, басқа су қоймаларынан Тегеранға су тасымалданып жатыр.

Осыдан бұрын Иранның Шираз қаласында сұйытылған газ құю зауытында жарылыс болғаны анықталды.

Соңғы жаңалықтар