Иран трагедиясы. Президент Раиси қаза тапты, енді қандай өзгеріс болмақ

трагедия в иране
Фото: Vahid Salemi

АСТАНА. KAZINFORM – 19 мамырда Иранда тікұшақтың апатқа ұшырауы салдарынан ел Президенті Ибрахим Раиси мен Сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдоллахиян мерт болғаннан кейін бұл қайғылы оқиғаның жалпы жағдайға, бұған қоса Иранның өзіне және Таяу Шығыстағы ахуалға қалай әсер ететіндігіне қатысты көптеген сауалдың туындауы орынды. Иранның өңірлік деңгейде ықпал ету бәсекелестік күресінде маңызды рөлге ие екендігін ескерсек, бұл трагедияның Таяу Шығысқа қатысты маңыздылығы арта түсетіндігі сөзсіз. Мұның үстіне таяуда ғана, сәуірде Иран Израильге соққы жасағаннан кейін ашық теке-тіреске ұласып кете жаздағаны бар. Осыған орай Kazinform трагедиядан кейін Иранның саяси жүйесінде қандай өзгерістер болуы мүмкін екендігін екшеп көрді.

Иран трагедияны саясиландырмайды 

Таяу Шығыстағы барлық мемлекеттің көршілеріндегі әрі бәсекелестеріндегі процестерді жіті қадағалап отырғаны түсінікті. Әлемде алуан түрлі конспирология үшін мұндай қолайлы мүмкіндіктер де көп емес шығар. Дәл осындай жайт Иранның Шығыс Әзербайжан өлкесінде Иран Президенті тікұшағының апатқа ұшырауына қатысты да орын алып жатыр. Түрлі нұсқалар айтылып та жатыр. Бірақ, олар түсінікті себептерге байланысты кеңінен таралып отырған жоқ. Конспирология - Таяу Шығыстағы кез келген процестік жалтару мүмкін емес спутнигі. Дегенмен, оны індету де міндетті емес.

Иранның кейбір өкілдерінің қолайсыз ауа райына баса назар аударуы да осыған тән. Бұл олардың орын алған трагедияны барынша саясиландырудан жалтаруға тырысатындықтарын білдіреді. Дегенмен, президенттік тікұшақпен қатарласа ұшқан тағы екі әуе кемесінің дін аман жерге оралғаны тағы бар. Бәлкім сондықтан болар, IRNA агенттігі техникалық ақау жайлы мәлімдеп отыр. Ал 20 мамырда елдің бұрынғы Сыртқы істер министрі Джавад Зариф Иранның авиациялық өнеркәсібіне қарсы санкция енгізген АҚШ жауапты екендігін айтқан-ды.

Раиси мен Абдоллахиян америкалық ескі Bell 212 тікұшағының бортында болған. Демек, оның бұзылуы да мүмкін екендігі даусыз. Ирандық авиациялық өнеркәсіптің теңдессіз күш-жігерінің арқасында батыстық өндірістің ескі авиатехникасына тиесілі парк ұзақ жылдарға созылған санкцияларға қарамастан қызмет көрсетіп тұрғаны белгілі. Алайда кез келген техниканың қалай дегенде ақауы табылары анық.

Бұл ретте Зарифтің сөзіне жіті назар аударған жөн сияқты. Бір қарағанда ауыздан шыққан сөз АҚШ-ты айыптау сияқты көрінеді. Сонымен қатар бітімге шақыру астары да байқалып қалады. Анығы “біз бәрін өзіміз-ақ жасап, сендерге көрсетеміз” дейтіндей жаулық емес. Зариф мән-жайға мұңайып отырғандай. Ал астары “бірге қызмет жасайық” деуге келетіндей. Реформатор Президент саналған Хасан Рухани тұсындағы және Ираннның ядролық бағдарламасына қатысты Батыспен мәміле жүргізілген кезеңдегі елдің бұрынғы Сыртқы істер министрі үшін бұл барынша шынайылырақ. Дәл осы жағдайда көрнекті ультраконсерватор Раисидің мерт болуы ирандық реформаторлар үшін де мүмкіндік ықтималдығы.

Саясаттың өзгеруі неғайбіл

Раиси Иранның жаңа тарихында айтарлықтай із қалдырды десек те болады. Ол 25 жасында Тегеранда прокурор және 1988 жылы мыңдаған адамның жаппай түрмеге тоғытуға жауапты 4 судьяның бірі болды. Тұтқынға алынғандардың басым бөлігі солшыл ұйымдардың жақтастары еді. 2009 жылғы наразылық кезінде де шерушілердің көпшілігі жазаға тартылды. Бұл іске де Раисидің қатысы бар. Соңғысы ретінде ғұрпына байланысты полиция қолынан мерт болған күрд қызы Махса Амини оқиғасы орын алған 2022 жылғы наразылықты еске алсақ та жеткілікті. Сол уақытта Раиси ел президенті болатын әрі қыз мерт болғанға дейін хиджабқа қатысты талаптарды күшейту жайында шешім қабылдаған-ды. Содан кейін наразылық күшпен басып-жаншылды және бірқатар шеруші қатаң жазаға тартылды. Әрине, бұл уақыттағы қуғын-сүргінге қарсы наразылықтың ауқымы 1988 жылғыдай бола қойған жоқ, десек те...

Яғни, Раиси иран басшылығында қатал, ультраконсервативті бағытты ұстанды. Ол Ислам революциясының күзетшілері корпусымен тығыз байланысты болды және Иран экономикасының айтарлықтай бөлігі қамтылған жартылай мемлекеттік қорлармен байланыс ұстады. Олардың кейбірі дәстүрлі ислам ұйымдарындағы вакф жүйесімен жұмыс істейді. Ал вакф жүйесі арқылы алынған табыс діни ұйымдарды қамтамасыз етуге және кедей-кепшікке көмек көретуге беріледі. 

Айта кетерлігі, бұрынғы вице-президент, қазіргі уақытта Иран президентінің міндетін атқарушы Мохаммад Мохбер Mostazafan ислам революциясы қорында жұмыс істеген. Оған Иран экономикасының айтарлықтай бөлігі тиесілі. Мохбер 2007 жылы құрамына Mostazafan қоры кіретін Setad инвестициялық қорына басшылық жасаған. Олардың барлығы да рахбар (Жоғары лидер) Әли Хаменейге мойынсұнады. Бұған қоса, өмірден қайтқан Раиси де, Мохбер де оның үзеңгілестері саналады.

Сондықтан да Раисидің қаза болуына байланысты Иран саясатында ешқандай өзгеріс бола қоймас. Шын мәнінде елді президент емес, Хаменейге бас ұратын саяси және діни құрылымдардың күрделі конфигурациясы басқарады. Осыған орай 50 күннің ішінде ел Хаменеи мен оның жақын ортасының көңілінен шығатын президентті таңдайды.

Мұның үстіне олар ұсынған кандидаттың танымалдығына алаңдаудың реті де жоқ. 2022 жылғы наразылықтардан кейін Ирандағы биліктің қоғамдағы танымалдығы әлсірей түскен. Әсіресе, бұл елдегі экономикалық проблемалар, мәселен инфляцияның 40 пайызға жетуі және өмір сүру деңгейінің төмендеуі аясында.

Елдің келесі көшбасшысы революционер емес, прагматик болуы мүмкін 

Өзге мәселелердің маңызы мұнан да салмақты. Раиси Хаменеидің болашақ мұрагері ретінде қарастырылды. Ол жаңа рахбарға таңдау жасайтын 88 дін қайраткерден тұратын сарапшылық кеңеске кірді және осынау өте маңызды орган басшысының орынбасары болды. Хаменеидің жасын ескер отырып, жаңа рахбарды сайлау мәселесі зор маңызға ие болатындығы анық. 

Хаменей кезінде Аятолла Рухолла Хомейни қайтыс болғаннан кейін 1989 жылы Иран президенті тағынан рахбат болып сайланған еді. Сондықтан Раиси де дәл осы жолмен жүруге дайындық үстінде болды деген пікір бар. Алайда, енді жаңа кандидат қажет. Іс жүзінде Иран шииттерінің діни иерархиясында оңтайлы кандидат табу аса қиындық тудыра қоймайды. Дегенмен, бұл ретте мәселе лайықты саяси тәжірибенің болуында. 

Кез келген күрделі қиындастырылған жүйеде қалай десек те оның бәсекелес тобы болады. 1979 жылғы ислам революциясынан кейін елге билігін жүргізіп отырған шиит аятоллалардың арасында түрлі көзқарасты жақтайтындар да бар. Әрине, бұрынғы президент Роухани сынды реформаторлардың ықпалы жоқ. Медждистің бұрынғы төрағасы ықпалды аятоллалардың бірі Мехди Карруби үй қамақта отыр. Бірақ, дәл қазіргі уақытта қандай топтың ішінде ең консерватор үміткердің бар екендігі маңызды болып тұр. 

Ең бастысы, Иранда президент Раисидің өмірін қиған Шығыс Әзербайжан тауларындағы апаттан бері революциялық дәуір аяқталды десек болады. Саяси сахнадан ресейлік революция тарихындағы қуғын-сүргінмен байланысы бар адамдар, шартты түрде ирандық Троцкий немесе дәлірек айтқанда ирандық Вышинский кетті. Осынау ұлы әрі ежелгі елде алдағы уақытта не боларын білмейміз. Бірақ прагматизмге әрқашан үміт бар. Кез келген революция аяқталғаннан кейін ерте ме, кеш пе прагматиктер келеді. Ең бастысы, кеш болмаса болғаны.

Соңғы жаңалықтар