Иран уранды байыту бойынша жеңілдіктерден бас тартты

АСТАНА. KAZINFORM — Иран уранды байыту процесін өзінің тәуелсіздігінің ажырамас бөлігі деп санайды және одан бас тартуға ниетті емес, тіпті ықтимал ядролық келісім аясында да, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Иран уранды байыту бойынша жеңілдіктерден бас тартты
Фото: Khamenei.ir

Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи АҚШ-тың уранды байытудан толықтай бас тарту жөніндегі талабын елдің ұлттық мүддесіне мүлде қайшы деп атады.

Бұл мәлімдемені ол Ислам Республикасының негізін қалаушы Рухолла Хомейнидің қайтыс болған күніне арналған телеүндеу барысында айтты.

— Уранды байыту — біздің ядролық бағдарламамыздың басты элементі. АҚШ-тың бұл ұсынысы біздің мүдделерімізге жүз пайыз қайшы, — деді Хаменеи. 

Соған қарамастан, ол келіссөздер жүргізуге қарсы еместігін білдіріп, дипломатиялық процестің жалғасуына жол ашық екенін көрсетті.

АҚШ-тың ұсынысы Иранға Оман арқылы жеткізілген. Оман Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи мен АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф арасындағы делдал ретінде қатысып отыр.

Бес раундқа созылған келіссөздерден кейін де уранды байыту құқығы мен Иранда жиналған жоғары байытылған материал қорының тағдыры сияқты бірқатар негізгі мәселелер шешімін таппаған.

Мемлекеттік істер бойынша соңғы сөзді айтатын Хаменеи өз сөзінде диалогтан бас тартуға шақырған жоқ, бірақ Вашингтонның ұстанымын сынға алды. Оның айтуынша, уранды байытудан бас тарту елдің шетелдік күштерге тәуелді болуына әкеліп соғады.

— Егер бізде жүз атом электр стансасы болса да, байыту мүмкіндігі болмаса — олардың пайдасы жоқ, — деді Иранның Жоғарғы көшбасшысы (рахбар).

Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Тегеранның АҚШ ұсынысына ресми жауабын жақын арада беретінін айтты. Reuters агенттігінің мәліметінше, Иран қазіргі келісім нұсқасын өз мүдделеріне сай емес, теңгерімсіз деп есептейді.

АҚШ жағынан Дональд Трамптың билікке қайта келуімен қаңтар айында Иранға қарсы санкциялар күшейтіліп, Тегеранға «максималды қысым» саясаты қайта жанданды. Вашингтон Иранның ядролық қару жасау әлеуетін шектеуге ұмтылса, Тегеран экономикалық қысымды жеңілдетуге тырысып отыр.

Аймақтағы тұрақсыздық аясында Иранның ядролық бағдарламасына қатысты шиеленіс әлі де жалғасуда. Иранның ядролық амбициясын өзінің қауіпсіздігіне қатер деп санайтын Израиль ирандық нысандарға соққы жасау қаупін төндіруде. Тегеран бұл жағдайда қатал жауап беретінін мәлімдеді.

Axios мәліметіне сәйкес, ықтимал ымыра ретінде Иран мен көршілес елдерге қызмет көрсететін халықаралық уран байыту консорциумын құру ұсынылуы мүмкін. Алайда бұл келісімнің нақты шарттары әлі белгісіз.

Соңғы күндері Иран ядролық бағдарлама бойынша келіссөздер аясында АҚШ-тан санкцияларды алып тастауға қатысты ресми кепілдіктер беруді талап етті. Сонымен қатар, егер Вашингтонмен келісімге қол жеткізілсе, Иран билігі МАГАТЭ инспекторларының ядролық нысандарға келу мүмкіндігін де жоққа шығармай отыр.

Соңғы жаңалықтар