Иран уранды байытуды жалғастырмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Аббас Аракчидің мәлімдеуінше, Иран уранды байыту жұмыстарын жалғастырады және бұл құқығынан бас тартпайды, деп хабарлайды ИРНА

Аббас Аракчи
Фото: ИРНА

— Жақында болған жанжалдан кейін оларды Иран Ислам Республикасының ұстанымы күшті және берік болып қала беретінін және біз байытудың жалғастыратынымыз туралы ақпараттандыру қажет болды. Біз Иран халқының бұл құқығынан бас тартпаймыз, — деді Аббас Аракчи Ыстанбұлда Иран мен еуропалық «үштік» арасындағы келіссөз қорытындыларына түсінік беріп. 

Аббас Аракчи сондай-ақ Иран Ислам Республикасының ақылға қонымды және қисынды шеңберде бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарламасын дамытуға әрқашан дайын екенін қосты. 

— Біз алаңдауы мүмкін елдердің сеніміне ие болуды ешқашан назардан тыс қалдырған емеспіз. Алайда, Ислам Республикасы өз кезегінде ядролық энергияны байытуды қоса алғанда бейбіт мақсатта пайдалану құқығының сақталуын талап етеді, — деп атап өтті ол.

Еске сала кетсек, 22 шілдеде Тегеранда Иран, Ресей және Қытай өкілдерінің үшжақты кездесуі өтті. Келіссөздің басты тақырыбы Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі дағдарысты реттеу мәселесі болды

Соңғы жаңалықтар