Иран уранды бейбіт мақсатта байытуды жалғастыруы қажет — Аббас Арагчи

АСТАНА. KAZINFORM — Иран радиофармацевтикалық препараттар мен жаңа ядролық энергетикалық реакторларға арналған отын өндіру үшін уранды бейбіт мақсатта байытуды жалғастыруы тиіс, деп жазады Синьхуа.

глава МИД Ирана Аббас Арагчи
Фото: aa.com.tr

Бұл туралы дүйсенбі күні елдің сыртқы істер министрі Аббас Арагчи мәлімдеді.

— Ақыл-парасаты бар ешбір адам өмірді сақтап қалуға мүмкіндік беретін бейбіт мақсаттағы отандық технологияларға салынған орасан инвестицияның жемісінен, тек шетелдік қорқытып-үркітулер үшін бас тартпайды, — деп жазды Арагчи X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Соңғы апталарда Иран ядролық мәселеге қатысты дипломатиялық күш-жігерін жандандырды. Жұма күні таңертең Иран, Франция, Ұлыбритания және Германия (яғни, «еуропалық үштік») Түркияның Ыстанбұл қаласында ядролық келіссөздерді қайта жалғастырды.

Дүйсенбі күні Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Багаи алдағы екі аптада елге Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) тобы келетінін және Иран мен МАГАТЭ арасындағы болашақ ынтымақтастыққа қатысты жоспардың ұсынылатынын хабарлады.

Бұдан бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық нысандары қайта іске қосылатын болса, оларды «саусағын көтеріп үлгергенше жойып жіберемін» деп мәлімдеді.

 

Соңғы жаңалықтар