Иранда 2023 жылы Әзербайжан елшілігіне шабуыл жасаған адам өлім жазасына кесілді

АСТАНА. KAZINFORM – Шабуыл жасаушы адам өлтіру, қаруды заңсыз сақтау және қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін кінәлі деп танылды.

Иранда 2023 жылы Әзербайжан елшілігіне шабуыл жасаған адамды өлім жазасына кесілді
Фото: IRNA

Иранда 2023 жылдың қаңтарында Тегерандағы Әзербайжан елшілігіне қарулы шабуыл жасап, елшіліктің қауіпсіздік қызметінің басшысын өлтіріп, тағы екі адамды жарақаттағаны үшін сотталған адам өлім жазасына кесілді. Бұл туралы ирандық IRNA ақпарат агенттігі хабарлады. 

Сотталған адамның аты-жөні жарияланбады. БАҚ мәліметінше, үкім заңды күшіне енгеннен кейін нақты мән-жайды көрсетілмей орындалған. Әдетте, Иранда өлім жазасы дарға асу арқылы жүзеге асырылады. Шабуыл жасаушы адам өлтіру, қаруды заңсыз сақтау және қоғамдық тыныштықты бұзғаны үшін кінәлі деп танылды.

Иран билігі бұған дейін шабуылға жеке трагедия себеп болғанын мәлімдеген болатын – шабуылшы елшілікке барған кезде «із-түзсіз жоғалып кеткен» әйелінен айырылған. Алайда Бакуде бұл оқиға лаңкестік әрекет деп танылды. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Иранды қабылдауға болмайтын сөз байласуы үшін айыптап, елшілік қызметкерінің өліміне қатысты ашуын білдірді.

Шабуылдан кейін Әзербайжанның дипломатиялық өкілдігі жабылып, оның қызметкерлері Иран аумағынан кетті. 2023 жылдың сәуірінде Баку төрт ирандық дипломатты елден шығарды, Тегеран оған айна шарасымен жауап берді. Әзербайжан елшілігі тек 2024 жылдың шілдесінде қайта ашылды, бірақ басқа жерде.

Екі ел арасындағы қарым-қатынас оқиғаға дейін де шиеленіскен. Баку Иранды Әзербайжандағы жағдайды тұрақсыздандыруға тырысатын радикалды элементтерді қолдады деп бірнеше рет айыптады. Тегеран айыптауларды жоққа шығарды. Қақтығыстың себептерінің бірі Әзербайжанның Израильмен тығыз байланысы болып қала береді, бұл Иранда алаңдаушылық тудырып отыр.

Әзербайжан Иранның солтүстік-батысымен шектеседі және Ислам Республикасы аумағында елдегі ең үлкен этникалық азшылық – 12 млн-нан астам ирандық әзербайжан тұрады.

Бұған дейін Қазақстан мұнайын Әзербайжан арқылы тасымалдау көлемі 3 млн тоннаға жеткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар