Иранда 6 ай бойы қамауда отырған қазақстандық азамат жақын арада босап шығуы мүмкін

АСТАНА.  8 қазан. ҚазАқпарат - Иранда қамауда отырған қазақстандық азамат жақын арада босап шығуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінде өткен брифинг барысында мәлім болды.
None
None

«Өздеріңізге белгілі 2012 жылдың 5 сәуірінде Иранда қазақстан-ирандық бірлескен «Зар Кух» компаниясында жұмыс істеген  Қазақстанның үш азаматы ұсталған болатын. Біздің күш-жігеріміз арқасында Қазақстан Республикасының екі азаматы босатылып, Қазақстанға қайтарылды. Тағы бір азаматымыз Мұхаммад Шерзада жарты жылдан астам уақыт бойы қамауда отыр. Аталған азаматты бостандыққа шығару мәселесі бойынша ҚР СІМ тарапынан белсенді жұмыстар атқарылуда», - дейді министрліктің ресми өкіл Алтай Әбибуллаев.

Оның айтуына қарағанда, ел азаматын босату бойынша Қазақстанның Ирандағы елшісі Иран Сыртқы істер министрлігі мен прокуратурасында бірқатар кездесулер өткізген.

«Дәл осы мәселе жөнінде менің де Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасының Елшілігінде жоғары деңгейлі дипломаттарымен кездесуім өтті. Олар өз кезегінде аталмыш мәселенің жақын арада оң шешімі табылатынына сендірді. Сонымен қатар, Қазақстанның Ирандағы Консулы М.Шерзадамен және оның жұбайымен үнемі байланыста отыр», - деді А. Әбибуллаев.

Бұл ретте ресми өкіл Қазақстан азаматтарының шетелдердегі құқықтары мен мүдделерін қорғау сыртқы саясат мекемесінің негізгі басымдылығына жататынын атап өтті. «Сондықтан да, Ирандағы Мұхаммад Шерзаданы тез арада босату, сонымен қатар басқа да мемлекеттерде түрлі себептермен ұсталып, кінә тағылып отырған азаматтарымыздың мәселелерін қатаң бақылауда ұстап отырмыз», деді ол.

 

Соңғы жаңалықтар