Иранда әйелдер мен ерлердің құқығы мен мүмкіндіктері бірдей ме - шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Ташкентте Орал Таңсықбаевтың шығармашылық көрмесі ашылды – ӨзА
Көркем ойдың кемеліне айналған Өзбекстан халық суретшісі, бейнелеу өнерінің біртуар өкілі Орал Таңсықбаевтың 120 жылдығына арналған мерейтойлық көрме өз жұмысын бастады.
Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады.

Хабарламада айтылғандай, Мәдениет пен өнерді дамыту қорының бастамасымен ұйымдастырылған көрмеде көрермен назарына қылқалам шеберінің 124 ғажайып туындысы ұсынылған. Оның ішінде 106 шығарма И.В. Савицкий атындағы Қарақалпақстан мемлекеттік өнер музейі, Өзбекстан мемлекеттік өнер музейі және Орал Таңсықбаевтың үй-музейі қорларынан алынса, 18 туынды - Қазақстанның мақтанышы А.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің алтын қорынан арнайы жеткізілген.
Айта кетейік, 1904–1974 жылдары өмір сүрген ұлты қазақ Орал Таңсықбаев - Орталық Азия бейнелеу мектебінің негізін қалаған тұлғалардың бірі. Ол тек суретші емес, бояулар мен жарықтың үнін сөйлете білген шебер колорист. «Өзбек Гогені» атанған аңыз тұлғаның «Күрес», «Керуен», «Киіз үй», «Өзбекстандағы көктем» сынды туындылары – көркемдік пен ұлттық танымның тоғысқан жарқын үлгісі.
Оның шығармалары тек Ташкент пен Мәскеуде ғана емес, 1934 жылы АҚШ-тың Филадельфия қаласында да жұртшылыққа паш етілгені - талант ауқымының жаһандық деңгейін аңғартады.
Алашанькоу теміржол порты арқылы өтетін Қытай-Еуропа (Орта Азия) пойыздарының саны 5000-нан асты – «Халық газеті»
1 қыркүйекте Шыңжаң Алашанькоу станциясынан автобөлшектерге, электронды өнімдерге, қажетті заттарға және басқа да тауарларға толы Қытай-Еуропа пойызы Польшаның Малашевич транзиттік орталығына қарай жол тартты.
Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Халық газеті» басылымы хабарлады.

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, Алашанькоу теміржол портынан Қытай-Еуропа бағытында (Орта Азиялық) биыл 5000-нан астам пойыз жөнелтілді. Бұл «Бір белдеу, бір жолды» жоғары сапада салуға жаңа серпін берді.
Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында «Қытайдың ШЫҰ-ға мүше басқа мемлекеттерге салған түрлі инвестицияларының көлемі 84 миллиард АҚШ долларынан асты» деген ақпарат жарық көрді.
Аталған БАҚ-тың 2025 жылдың шілдесіндегі жағдай бойынша Қытайдың ШЫҰ-ға мүше басқа мемлекеттердегі әртүрлі инвестициялық қорларының көлемі 84 миллиард АҚШ долларынан асты. Инвестициялық бағыттар біртіндеп мұнай-газ, пайдалы қазбалар, қайта өңдеу және жасау өнеркәсібі, инфрақұрылым құрылысы сияқты дәстүрлі салалардан цифрлық экономика және жасыл даму сынды дамып келе жатқан салаларға дейін ауқымы кеңейе түсті.
«Бір белдеу, бір жолды» жоғары сапада бірге салу жобасы жетекшілігімен Қытай мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың ауқымы кеңейді. Сондай-ақ, өндіріс пен жеткізу тізбегіндегі ынтымақтастық одан әрі тереңдей түсті. Қытай барлық мүше мемлекеттермен инвестицияларды қорғау туралы келісім жасады. Бір жыл ішінде Ресеймен, Қазақстанмен және Тәжікстанмен жаңартылған инвестициялық келісімдерге қол қойды.
Иранда әйелдер мен ерлердің құқықтары мен мүмкіндіктері бірдей ме? - Parstoday
Ирандағы Ислам революциясының жеңісінен кейін кейбір Батыс елдері ирандық әйелдердің қысымға ұшырағанын көрсетуге тырысты. 1979 жылы Ислам революциясының жеңісімен Иран қоғамындағы әйелдердің мәртебесіне деген көзқарас түбегейлі өзгеріске ұшырады. Кейбір адамдардың ойлағанына қарамастан, Ислам республикасы жүйесі әйелдердің әртүрлі салаларда болуына кедергі келтірмеді, Ислам тағылымдары мен имам Хомейнидің (р.а.) екпініне сүйене отырып, әйелдердің ғылыми, мәдени, әлеуметтік, экономикалық және саяси салаларда өсіп-өркендеуіне жол ашты, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі.

ParsToday ресми және сенімді статистикаға тоқталған.
Ирандық БАҚ-тың дерегінше, Иран Ислам Республикасының негізін қалаушы Имам Хомейни (р.а.) қоғамдағы ерлер мен әйелдердің құқықтарының теңдігіне әрқашан баса назар аударған. Атап айтқанда, әйелдер ислам қоғамында еркін және олардың университеттерге, кеңселерге немесе парламенттерге баруына ешбір кедергі жасалмайды.
ParsToday ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Имам Хомейни Ислам көзқарасы бойынша, кейбір жағдайларда әртүрлі ғылыми, саяси, әлеуметтік, экономикалық, халықаралық, мәдени және өнер салаларында және қызметте міндетті болып табылады. Алайда физикалық айырмашылықтарға қарамастан, ерлер мен әйелдердің екеуі тең қоғамда құқылы.
Атап айтқанда, білім беру және оқыту, денсаулық және гигиена, жұмыспен қамту және кәсіпкерлік, сондай-ақ жұмыспен қамту және кәсіпкерлік саласында ирандық әйелдер белсенді және тиімді рөл атқарды. Сонымен қатар саяси және басқарушылыққа қатысуда тең құқылы екені айтылады.
Сирия Асадтан кейінгі Даму Қорын іске қосты - TRT
Президент Ахмед Шара Сирияны қалпына келтіру үшін Сирия Даму Қоры негізгі құрал болатынын айтты, деп жазады «TRT».
Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, Сирия Президенті Ахмед Шара Сирияны қалпына келтірудің маңызды құралы ретінде қызмет ететін Сирия Даму Қорын іске қосқан.

Бұл туралы бейсенбі күні Дамаск қаласында өткен қордың ашылу салтанатында Сирияның Араб Жаңалықтар Агенттігі (SANA) хабарлады.
Түркия Радио Телевизия порталының дерегінше, әл-Шара өз сөзінде, біз бүгін Сирия Даму Қорының іске қосылғанын жариялау үшін жиналдық. Осы қор арқылы сіздерді жомарт қаражаттарыңызды бұрынғы режим қиратқан елді қайта құруға және олар өртеп жіберген жерлерді жасыл әрі гүлденген мемлекетке айналдыруға шақырамыз, – деген.
Шара қордың өте ашық болатынын және стратегиялық жобаларға жұмсалған барлық қаражаттың жария етілетінін айтқан.
Айта кетейік, қаңтар айында Шара басқаратын жаңа уақытша әкімшілік құрылған еді.
Роза Отынбаеваның Ауғанстандағы миссиясы аяқталды – Eurasia Today
БҰҰ Бас хатшысының Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Роза Отынбаеваның миссиясы аяқталды.
Бұл туралы осы аптада Eurasia Today ақпарат агенттігі хабарлады.

Eurasia Today-дің Толоу Ньюз агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша жұма, 5 қыркүйекте Талибанның жоғары лауазымды тұлғасы және Босқындар министрлігінің басшысы Абдул Кабирмен қоштасу кездесуін өткізді.
Келтірілген деректерге сүйенсек, Отынбаева кездесуде гуманитарлық көмектің жалғасуына тоқталып, БҰҰ-ның зілзаладан зардап шеккен аймақтарға 25 жұмыс тобын жібергенін хабарлады. Бұл топтар халықтың жағдайын бағалап, көмек тарату үдерісін бастайды.
Сондай-ақ осы аптада Eurasia Today басылымында «Ирандық инвесторлар Ақтауда зауыт салуды жоспарлап отыр» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, Ирандық инвесторлар Ақтаудағы зауыт құрылысына 30 миллион доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, цемент өндіру саласында 40 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан ирандық компания өкілдері “Ақтау теңіз портының” арнайы экономикалық аймағында болып, оның басқарма төрағасы Мүбәрәк Төлегеновпен кездесті.
Тараптар кездесу барысында Маңғыстау облысында цемент зауытын салу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру және екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылаған.