Иранда электр энергиясы жоспарлы түрде өшіріле бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Иран электр станцияларына қажетті отын тапшылығына байланысты 22 қарашадан бастап тұрмыстық және коммерциялық тұтынушыларға электр энергиясын жоспарлы түрде бермейтін болды.

электр
Фото: IRNA

Энергетикалық дағдарыс әскери қақтығыс кезінде газ инфрақұрылымының зақымдануынан кейін одан әрі ушыға түсті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.

Иранның мемлекеттік IRNA агенттігі елдің Tavanir электр энергетикалық компаниясына сілтеме жасап хабарлағандай, электр энергиясын шектеу екі күн ішінде екі сағатқа дейін созылуы мүмкін. Ал күн одан әрі суытса, жарық күн сайын екі сағатқа дейін өшірілуі ықтимал.

Компанияның бас директоры Мұхаммед Аллахдад электр энергиясын өшіру ұзақтығы отын қоры мен энергия тұтыну деңгейіне байланысты болатынын түсіндірді.

Тұрғындарға шектеулер туралы алдын ала «Барг-е ман» («Менің электр энергиям») қосымшасы, Bale мессенджері және SMS арқылы хабарланады.

Tavanir мәліметінше, отын тапшылығы жағдайында ұлттық электр энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін тұтынуды шектеу қажет. Аллахдад әскери қақтығыс кезінде Иран электр станцияларының жұмысын қамтамасыз етуге де пайдаланылатын дизель отыны қорының бір бөлігінен айырылғанын айтты.

Электр энергиясын тұтыну жоғары деңгейде сақталса, компания белгіленген нормадан едәуір асып түсетін тұрмыстық, коммерциялық және әкімшілік нысандарға қосымша шектеулер енгізуі мүмкін. Алдағы төрт айда мұндай нысандар бірнеше аптаға электр желісінен ажыратылуы ықтимал.

Электр желісіне заңсыз қосылу, криптовалютаны рұқсатсыз өндіру және электр есептегіштерінің жұмысына араласу үшін айыппұл салынып, электр энергиясы өшіріледі.

Энергетикалық дағдарыс аясында Иран Президенті Масуд Пезешкиан ресурстарды үнемдеудің жеке үлгісін көрсетті. Мемлекеттік телеарна түсірген кадрларда мемлекет басшысы жарығы бәсең кабинетте жылы күрте киіп жұмыс істеп отырғаны, жылу мен жасанды жарықты барынша аз пайдаланғаны көрінеді.

-Тіпті жарық аз болса да, жылы киініп жұмыс істеуге болатынын көріп отырсыздар. Міндеттерімізді орындау үшін барлық шамды жағудың қажеті жоқ. Егер күн қатты суытса, шағындау бөлмеге көшіп, қызметкерлерді бірге орналастыра аламыз, – деді Президент.

Пезешкиан мемлекеттік мекемелер мен тұрғындарды өндіріс орындарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін энергия ресурстарын шамадан тыс тұтынуды азайтуға шақырды.

Жағдайды 17 наурызда Оңтүстік Парс кен орнындағы газ өңдеу нысандарына жасалған соққылардың салдары да қиындатып отыр. Иран билігінің мәлімдеуінше, сол кезде төрт нысан зақымданып, соның салдарынан тәулігіне шамамен 230 млн текше метр газ өңдеу қуаты істен шыққан.

Кейін тәулігіне шамамен 100 млн текше метр газ өңдеу қуатын қалпына келтіру мүмкін болды. Алайда тағы 130 млн текше метрге жуық қуат әлі қолжетімсіз.

Иран үкіметінің өкілі Фатеме Мохаджерани бұған дейін алдағы қыста табиғи газ тапшылығы тәулігіне 430 млн текше метрге жетуі мүмкін екенін ескерткен. Алдыңғы жылдары бұл көрсеткіш шамамен 300 млн текше метр болған.

Сонымен бірге Ирандағы энергетикалық проблемалар қазіргі әскери қақтығыс басталғанға дейін де болған. Оның негізгі себептері ретінде инфрақұрылымның ескіруі, инвестицияның жеткіліксіздігі, халықаралық санкциялар және жылытуға газдың көп жұмсалуы салдарынан ішкі тұтынудың жоғары болуы аталады.

Ирандық БАҚ-тың хабарлауынша, электр энергиясындағы іркілістер Тегеран, Исфахан, Шираз, Мешхед және басқа да қалаларда тіркелген. Электр қуаты тұрғын үйлерде, мектептер мен кәсіпорындарда өшіріліп жатыр. Кейбір аудандарда су және интернетпен қамтуда да іркілістер байқалады.

Осыған дейін Иранның АҚШ-тың теңіздегі шектеулеріне қарсы барлық шараны қолданатыны туралы жаздық.