Иранда интернет қызметі толық дерлік тоқтатылды
АСТАНА. KAZINFORM — Таяу Шығыстағы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісінің хабарлауынша, қақтығыстар аясында ұлттық интернет байланысының деңгейі қалыпты көрсеткіштің 4%-ына дейін төмендеді.
Халықаралық NetBlocks ұйымының хабарлауынша, Иранда интернет қызметі толық дерлік тоқтатылған. Ұйым ғаламдық желінің жағдайын бақылаумен айналысады.
Бақылау деректеріне сәйкес, ел бойынша интернет байланысының деңгейі қалыпты көрсеткіштің 4%-ына дейін төмендеген. Бұрын тек кейбір аймақтарда, соның ішінде Тегеран астанасында ғана үзілістер тіркелген еді, алайда соңғы мәліметтер бүкіл ел бойынша желіге қолжетімділіктің күрт төмендегенін көрсетіп отыр.
⚠️ Confirmed: Network data show #Iran is now in the midst of a near-total internet blackout with national connectivity at 4% or ordinary levels. The incident comes amid US and Israeli combat operations and matches measures used during last year's war with Israel. pic.twitter.com/1XunOr4Q19
— NetBlocks (@netblocks) February 28, 2026
NetBlocks ұйымы бұл оқиғаның АҚШ пен Израиль қатысқан қақтығыстар кезінде болғанын және өткен жылғы Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс кезінде қолданылған шараларға сәйкес келетінін атап өтті.
Ресми Иран билігі әлі интернетке қолжетімділік жағдайы бойынша пікір білдірген жоқ.
Сенбі күні Израиль Иранға соққы жасап, АҚШ президенті Иранға қарсы ауқымды әскери операцияның басталғанын жариялаған болатын.