Иранда қанша қазақ тұратынын білесіз бе – шетелдегі қазақ баспасөзі
«KAZINFORM» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақстаннан құбыр арқылы Өзбекстанға заңсыз бензин тасымалдаған азаматтар ұсталды – «ӨзА»

Қазақстанның Түркістан облысы Сарыағаш ауданынан Ташкент облысының Қыбрай ауданына заңсыз бензин тасымалдаған азаматтар ұсталды, деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» ақпарат агенттігі.
Хабарламаға сәйкес, құқық қорғау органдарының жедел іздестіру шаралары барысында Ташкент облысының Қыбрай ауданында тұратын 39 жастағы М.М. және 28 жастағы Х.Х. Қазақстан азаматы А.К.-мен алдын ала келісіп, көрші мемлекеттен Өзбекстанға заңсыз жолмен АИ-92 маркалы бензин тасымалдап, сатумен айналысқаны анықталды.
Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, қылмыскерлер бензинді жер астымен тартылған шамамен 300 метр болатын құбыр арқылы ішіне шланг орнатып тасымалдаған.
Қазіргі уақытта бұл тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ Қазақстан азаматы А.К.-ға қатысты қажетті шараларды қолдану үшін көрші мемлекеттің құқық қорғау органдары хабардар етілген.
Осы аптада «ӨзА»-да «Өзбекстан Сыртқы істер министрі Қазақстан елшісін қабылдады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Өзбекстанның сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұловпен кездесті.
СІМ мәліметінше, кездесу барысында екі бауырлас ел арасындағы барлық деңгейдегі белсенді ынтымақтастықты ілгерілету, әсіресе экономикалық байланысты белсендіру, өңірлер арасындағы тікелей ынтымақтастықты кеңейту, көпжақты платформалар шеңберіндегі серіктестік және басқа да көптеген мәселелер күн тәртібінде болды.
Сонымен қатар осы аптада өзбекстандық БАҚ-та «Өзбекстан 2025 жылы саяхат жасау үшін ең жақсы жерлер тізімінде» деген ақпарат жарық көрді.
«BBC Travel» жаһандық медиа порталының мәліметі бойынша, Өзбекстан 2025 жылы саяхат жасау үшін ең жақсы 25 бағыттың қатарына енді.

Мақалада туризмнің Өзбекстанның өзіндік дәстүрлері мен мәдени мұрасын сақтау стратегиясының маңызды бөлігіне айналып келе жатқаны атап өтілген.
Ел инфрақұрылымды қарқынды дамытуда: жаңа қонақ үйлер, жоғары жылдамдықтағы теміржол бағыттары, ішкі әуе рейстері және жаңартылған мәдени ескерткіштер туристер үшін теңдессіз мүмкіндіктер жасап отыр.
Толығырақ жоғарыдағы сілтеме бойынша оқуға болады.
Иранда қанша қазақ тұратынын білесіз бе - «ParsToday»
Қазақстан Ұлттық кітапханасында ресми тұлғалар, ғылым, мәдениет және жазушылардың қатысуымен өткен «Иран қазақтары» кітабының ашылу салтанатында Иран мәдени орталығының басшысы Хұсейн Ағазаде қатысып, сөз сөйлеген. Оның айтуынша, қазақтар Иранға, ирандықтар Қазақстанға қоныс аударып, олардың әрқайсысы өз еліне қызмет етіп, жеке және ұжымдық өмірдің дамуы мен ілгерілеуінде рөл атқарып келеді.

Бұл туралы осы аптада «ParsToday» ақпарат агенттігі хабарлады.
Ағазаденің мәліметінше, жақында Иранның мәдени орындарының қолдауымен дайындалған «Болаттан өту» атты ирандық казактардың тағдыры туралы деректі фильм көрсетіледі.
«ParsТoday»-дің дерегінше, Иран халқы көптеген этникалық әртүрлілікке ие. Көрші елдердегі соғыстар мен төңкерістер сияқты оқиғалар ирандықтардың арасында иммигрант топтарының болуына себеп болған.
Иранның солтүстік аймақтарында өмір сүрген көшіп келушілердің сол топтары негізінен патшалық Ресейдегі 1917 жылғы қазан революциясынан кейін Орталық Азия мен Закавказье елдерінен қоныс аударған этникалық топтар.
Ирандық басылымның мәліметінше, XX ғасырдың бірінші жартысының 20-30-шы жылдарында қоныс аударған осы иммигранттардың қатарында қазақ этносы да бар. Социалистік революцияның орын алуы және құрғақшылық, аштық пен кедейліктің күшеюі қазақтардың қоныс аударуына екі негізгі себеп болған.
Көші-қон барысында көптеген қазақтар ауру мен аштықтан қырылып, қалғандары Иранның солтүстігіндегі Горган қаласының төңірегіндегі ауылдар мен қалаларға қоныстанған.
Иранда тұратын қазақтардың саны туралы нақты статистика жоқ. Бірақ Иранда 15 мыңға жуық қазақ тұрады деседі, оның ішінде 4-5 мыңға жуық халқы бар 700-1 000 отбасы солтүстіктегі Гүлстан облысындағы қалалар мен оның маңындағы аудандарда тұрады.
Сонымен қатар 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алып, жаңа тәуелсіз елдердің шекаралары ашылғаннан кейін Иран мен Қазақстан арасындағы саяси, мәдени және экономикалық қарым-қатынастарда жаңа және ауқымды даму орын алып, бірқатар ирандық кәсіпкерлер (барлығы 200-ге жуық үй) Қазақстанға сауда және экономикалық қарым-қатынас орнату үшін келді және әртүрлі қалаларда, әсіресе Алматы, Астана және олар Қазақстанның оңтүстігіндегі Шымкент қаласына қоныстанды.
Ирандық басылымның дерегінше, Шымкент қаласында ирандықтардың көбірек тұрады. Ал Қазақстанда тұратын ирандықтардың санына қатысты көптеген статистикалық мәліметтер айтылады. Бірақ, соңғы мәліметтерге қарағанда, 10-15 мыңға жуық ирандық текті ирандықтар Қазақстанның әр өңірінде өмір сүреді.
Қазақстан мен Түркия арасында жаңа келісім - TRT
Қазақстан Мәжілісі Түркиямен өсімдіктер карантині және өсімдіктерді қорғау саласындағы ынтымақтастық келісімін мақұлдады.
Қазақстан Парламентінің төменгі палатасы Мәжілістің жалпы отырысында 2022 жылдың 10 мамырында Анкарада екі елдің уәкілетті органдары арасында қол қойылған келісім қаралды.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Аталған БАҚ-та хабарлағандай, өсімдіктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және екі ел аумағында карантинге жататын зиянкестердің таралуы мен импортына жол бермеуді мақсат ететін бұл келісім бірінші отырыста мақұлданды. Келісім аясында тараптар осы саладағы нормативтік-құқықтық актілермен қатар карантинге жататын зиянкестердің тізімі мен өсімдіктерді қорғау ережелері туралы ақпарат алмасатын болады.
Сонымен қатар келісім өсімдіктер карантині мен өсімдіктерді қорғау саласында ғылыми-зерттеу мекемелері арасында ғылыми ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек бұл келісім осы саладағы өнімдердің импорт-экспорт талаптарын реттейді.
Неліктен қытайлықтар ұлттық мерекесін қызыл түспен безендіруді ұнатады? - «Халық газеті»
Қызыл түс ынта-жігерді, қуанышты, сәттілікті және арынды білдіреді. Сондықтан қытайлықтар қызыл түсті жақсы көреді. Әсіресе, жаңа жылда үлкенді-кішілі көшелер, петардалар, көктемгі фестиваль босағалықтары, шамдар, киімдер, қызыл конверттерді жиі көруге болады. Яғни қызыл түсті барлық жерден кездестіруге болады, деп жазады қытайлық «Халық газеті».

Аталған басылым бұл ақпаратында «Қытайлықтар неліктен қызыл түсті ерекше ұнатады» деген сұраққа қысқаша жауап берген.
Айтуынша, техникалық деректер тұрғысынан қытайлықтардың терісін сынау арқылы халықтың 60%-дан астамы сары, қызыл сары, қызыл сияқты жылы түске жататыны анықталды. Осы өңдегі адамдарға қызыл түс аса жарасымды болады екен.
Сондай-ақ, ежелгі заманнан бері қытайлықтар қызыл түсті қолданған. Олар патша қара көктің әулеті арасында қызыл түсті құрметтеген. Қызыл түс билік пен байлықты білдірген. Қоғамдық мөрде де қызыл түсті көруге болады. Қазіргі уақытта қызыл түс өзіне деген сенімділікті, беделді және құқықтық тәуелсіздікті білдіреді.
«Керісінше, қарапайым адамдар әдетте сұр, қара, көк және басқа түстерді киеді. Ал сәулет өнерінде терезе мен есік жақтаулары және ерекшеленуі тиіс басқа бөліктер әрқашан қызыл түспен безендіріледі. Осылайша қызыл түс байлық пен жақсылықтың белгісі болып қалған», - деп жазады қытайдық БАҚ.
Сондай-ақ осы аптада қытайлық «Халық газеті» басылымында «Бейжіңде Қытай-Қазақстан Бірлескен шекара комитетінің бірінші отырысы өтті» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
Қытайлық басылымның келтірген деректеріне сүйенсек, 20-21 қаңтар аралығында Бейжіңде Қытай-Қазақстан Бірлескен шекара комитетінің бірінші отырысы өтті. Отырысқа Сыртқы істер министрлігінің Шекара және теңіз істері департаменті директорының орынбасары Чжао Лицзян және Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің шекара қорғанысы бюросы директорының бірінші орынбасары Б.Әбсаматов тең төрағалық етті.
Екі тарап бірлескен комитеттің ресми түрде құрылғанын жариялады және бірлескен комитеттің жарғысын қабылдаған. Тараптар екіжақты қатынастар мен «Қытай-Қазақстан шекарасын басқару жүйесі туралы келісімнің» орындалуын оң бағалады.
Айта кету керек, Қытай-Қазақстан шекарасының айқын және тұрақты, шекаралас оңірлер бейбітшілік пен тыныштық және достық ынтымақтастықтың тиімді жағдайда екенін толық растады.