Иранда ҚР Президентін ресми сапармен күтіп отыр - Х. Рухани

Айта кетейік, сол кездегі сапар барасында екіжақты қарым-қатынастың басымдықты мәселелері мен халықаралық және өңірлік өзекті бірқатар проблемалар талқыланған болатын.
Х. Рухани Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету бойынша рөлі мен бастамаларын, сондай-ақ Венада ирандық ядролық бағдарлама бағытында халықаралық келісімге қол жеткізу үдерісінде Қазақстанның маңызды үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті. Мұнымен қоса ол Иранда 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында Тегеранға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапарын асыға күтіп отырғанын жеткізді.
Атап айтқанда, ҚР Сыртқы істер министрінің Иран Үкіметі мүшелерімен екіжақты кездесулері сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық және көліктік ынтымақтастықты жандандыру белгісімен өтті.
Иран Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифпен болған кездесуде екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың ең жоғары басымдық беріліп отырған салалары талқыланды. Сонымен қатар тараптар екіжақты экономикалық байланыстарды жан-жақты кеңейту қажеттігіне екпін қойып, Қазақстан-Түркіменстан-Иран темір жолы әлеуетін тиімді пайдалану мүмкіндіктерін сөз етті. Бұдан бөлек, туристер мен бизнес үшін визалық режімді жеңілдету, сондай-ақ Каспий келіссөздері форматында ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Е. Ыдырысов Иран тарапына Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу туралы Келісімге қол қойғаны мен қолдау жасағаны үшін алғысын білдірді.
Ал осы елдің Индустрия, тау-кен өнеркәсібі және сауда министрі Мухаммад Реза Нематзадемен, Мұнай министрі Бижан Занганемен болған кездесулер барасында тау-кен өнеркәсібі, сауда, жүк және астық терминалдарының құрылысы, ауыл шаруашылығы, жер қойнауын пайдалану, геология, банк саласы, тікелей әуе байланыстарын кеңейту бағыттары талқыланды. Сонымен қатар шикі мұнаймен SWAP-операцияларды жаңарту мүмкіндігі мен мұнай-газ саласында ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды.
Жалпы, сапар қорытындысы бойынша сауда-экономикалық, энергетикалық және инвестициялық салаларда бірқатар тәжірибелік мәселелер тұрғысында жақын арада сарапшылық келіссөздер жүргізу туралы нақты келісімдерге қол жеткізілді. Мұнымен қоса, Иранға Мемлекет басшысының сапары қарсаңында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту бойынша екіжақты жұмыс тобының кездесулері келісілді.