Иранда парламент сайлауының екінші кезеңі өтеді

ТЕГЕРАН. KAZINFORM — Иранның орталық сайлау комиссиясы 1 наурыз күні өткен сайлаудың бірінші турының қорытындысы бойынша жаңа шақырылымдағы Мәжіліске (парламентке) өткен 245 депутаттың есімін жариялады, деп жазады Анадолы агенттігі. 

иран
Фото: aa.com.tr

Иран орталық сайлау комиссиясының баспасөз хатшысы Мохсин Ислами ел бойынша 208 сайлау округінде дауыс санау аяқталғанын айтты.

Тағы 45 орын дауыс берудің екінші кезеңінде шешіледі.

Сондай-ақ 1 наурызда Сарапшылар кеңесі сайлауы өтті.

Дауыс беру қорытындысы бойынша органның 72 мүшесі сайланды.

Кеңестің қалған 16 мүшесінің есімі екінші турда анықталады.

Сайлаудың екінші турының өтетін күні әлі жарияланған жоқ.

Ел бойынша 15 мыңнан астам кандидат тіркеліп, Иран парламентіндегі 290 орынға таласып жатыр.