Иранда туу көрсеткіші жыл сайын төмендеп барады

АСТАНА. KAZINFORM — Иранда «Отбасы мен жастарды қорғау туралы заңға» қарамастан, туу деңгейі төмендеп жатыр, дап жазды Анадолу.

Иран, халық саны, демография
Фото: Анадолу

«Шарк» газетінің Халық саны және азаматтық істер басқармасы мен Иранның статистика орталығының деректеріне сүйене отырып дайындаған хабарламасына сәйкес, 2021 жылы Иранда 1 миллион 114 мың туу тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 12 пайызға төмендеп, 979 мың 928-ді құраған.

Ал осы жылы туу саны алдыңғы жылмен салыстырғанда тағы 7 пайызға азайып, 911 мың болады деп күтіліп отыр.

Иранның Халық саны мәселелері жөніндегі ұлттық басқармасының бас хатшысы Мерзие Вахид Дестджерди «Шарк» газетіне берген сұхбатында туу көрсеткішінің төмендеуіне қатысты пікір білдірді.

Ол елдегі жастардың өмірде кездесетін қиындықтар мен сәтсіздіктерге байланысты бала сүю мәселесіне сақтықпен қарайтынын атап өтіп, «Отбасы мен жастарды қорғау туралы заңға» қарамастан, туу деңгейінің төмендеу үрдісі жалғасып жатқанын, ал ата-аналар үшін бала дүниеге әкелу күрделі шешімге айналып отырғанын айтты.

Иранның ішкі істер министрі Искендер Мумини де Иран халқы 75 жылдан кейін 40 миллион адамнан төмендеуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, туу көрсеткішін арттыру мақсатында қабылданған «Отбасы мен жастарды қорғау туралы заң» 2021 жылғы 16 қазанда Иран парламентінде мақұлданып, Конституцияны қорғау кеңесі бекіткеннен кейін 2021 жылғы 15 қарашада күшіне енген.

Иранның демографиялық саясаты

1990–2010 жылдар аралығында Иран халқының өсу қарқынын төмендету мақсатында бақыланатын демографиялық өсім саясатын жүргізді.

Алайда 2012 жылы Иранның рухани көшбасшысы Әли Хаменейдің нұсқауымен билік бұл саясаттан бас тартып, ел халқының санын 150–200 миллион адамға дейін арттыруға бағытталған шаралар қолға алынды.

Еске сала кетсек, еліміздегі халық саны 1897 жылдан бері қалай өзгергенін жаздық. 

Ал Швейцарияда халық санына шектеу қою туралы ұсыныс қызу талқыланып жатыр.

Соңғы жаңалықтар