Иранда жаңа қорғаныс кеңесі құрылды
АCТАНА. KAZINFORM – Жаңа орган қорғанысты жоспарлау және армияны жаңғырту саласындағы үйлестіруді күшейтуге арналған, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі қорғаныс стратегияларын әзірлейтін және қарулы күштердің мүмкіндіктерін орталықтандыратын түрде күшейтетін Қорғаныс кеңесін құруды мақұлдады.
IRNA агенттігінің хабарлауынша, жаңа орган Иран Конституциясының 176-бабына сәйкес құрылған. Оның негізгі міндеттері – қорғаныс жоспарларын бағалау, ұзақ мерзімді әскери тәсілдерді әзірлеу және қарулы күштердің тиімділігін арттыру.
Кеңесті Иран президенті Масуд Пезешкян басқарады. Оның құрамына биліктің үш тармағының, елдің жоғары әскери қолбасшылығының басшылары, сондай-ақ тиісті министрліктердің өкілдері кіреді.
– Жаңа қорғаныс органы орталықтандырылған түрде қорғаныс жоспарларын қарастырады және Иран қарулы күштерінің мүмкіндіктерін арттырады, - делінген Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшылығының мәлімдемесінде.
Fars агенттігінің хабарлауынша, Кеңесті құру туралы шешім ұлттық қауіпсіздік жүйесін кең ауқымды реформалау аясында қабылданған. Бұған дейін осыған ұқсас орган 1980 жылдары Иран-Ирак соғысы кезінде Иранда жұмыс істеген.
Израильмен жалғасып жатқан шиеленіс жағдайында Иран армиясының қолбасшысы Амир Хатами жексенбі күні Тель-Авивтен келетін қоқан-лоққылар «маңызды болып қала береді және оны елемеуге болмайды» деп атап өткен болатын.