Иранда жаңа валюта реформасы: риал деноминацияланбақ

АСТАНА. KAZINFORM — Ислам Республикасының парламенті ұлттық валютадағы төрт нөлді қысқарту туралы заң жобасын мақұлдады. Жаңа және ескі риалдар үш жыл бойы бір уақытта айналымда болады, деп хабарлады Kazinform-ның меншікті тілшісі Tehran Times-ке сілтеме жасап. 

Иранда жаңа валюта реформасы: риал деноминацияланбақ
Фото: IRNA

Жексенбі күні Иран парламентінің көпшілік даусымен мақұлданған заң жобасы Иран риалындағы 4 нөлді алып тастауды көздейді. Осылайша, бір жаңа риал қазіргі риалдың 10 000-ына тең болады. Сонымен қатар, бір жаңа риал 100 керанға бөлінетін болады.

Заң жобасына сәйкес, «қосарлы айналым фазасы» үш жылға дейін созылады. Бұл кезеңде жаңа және ескі үлгідегі риалдар бір уақытта айналымда болады. Осы кезең ішінде ескі үлгідегі банкноттар мен монеталар кезең-кезеңімен айналымнан шығарылады.

Иран валютасының деноминациясы жоспары жоғары инфляция мен риалдың құнсыздануы аясында бірнеше жыл бойы талқыланып келеді. Иранның ақша реформасы қаржылық операцияларды, транзакцияларды, есеп айырысу мен валютаны күнделікті өмірде қолдануды жеңілдетуді мақсат етеді.

Бұған дейін Иран үкіметі риалды деноминациялау туралы заң жобасын мақұлдаған болатын.

Соңғы жаңалықтар