Иранда жоғарғы көшбасшыны сайлау процесі басталуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM —   Иран билігі Али Хаменеи қаза тапқаннан кейін елдің жаңа жоғарғы көшбасшысын сайлау тетігін талқылауды бастады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Иранда жоғарғы көшбасшыны сайлау процесі басталуы мүмкін
Фото: IRIB

Иранның уақытша басшылық кеңесі кезекті отырысын өткізіп, онда Сарапшылар ассамблеясының (Ассамблея экспертов) отырысын ұйымдастыру мәселесі қаралды. Бұл туралы жұма күні Иранның мемлекеттік IRIB телеарнасы хабарлады.

Уақытша кеңестің құрамына президент Масуд Пезешкиан, сот жүйесінің басшысы Голам Хосейн Мохсени Эджеи және аятолла Али Реза Арафи кіреді.

Кездесуге сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Али Лариджани қатысып, жалғасып жатқан қақтығысқа байланысты жағдайдың дамуы жөнінде ақпарат берді.

Мәлімдемеге сәйкес:

— Отырыс барысында қарулы күштерді күшейту туралы шешімдер қабылданып, жалғасып жатқан қарсыласу жағдайында армияға қолдау білдірілді, — делінген.

Кеңес мүшелері Сарапшылар ассамблеясын шақыру және болашақ жоғарғы көшбасшының кандидатурасын ұсыну тәртібін де талқылады. Алайда отырыстың нақты өтетін уақыты мен дауыс берудің бетпе-бет немесе қашықтан өтетіні әзірге анықталған жоқ.

Сонымен қатар Иран үкіметіне кеңес қабылдаған шешімдерді жүзеге асыру тапсырылды. Бұл шешімдер елдің негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, соның ішінде азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізілімін ұйымдастыруға бағытталған.

Сарапшылар ассамблеясы — Ислам Республикасының жаңа жоғарғы көшбасшысын сайлайтын кеңесші орган. Оның құрамына халық сегіз жыл мерзімге сайлайтын 88 ислам заңгері мен дінтанушысы кіреді. Иран Конституциясының 111-бабына сәйкес, алдыңғы көшбасшы қайтыс болған, қызметінен кеткен немесе қызметінен шеттетілген жағдайда Ассамблея қысқа мерзім ішінде жаңа жоғарғы көшбасшыны сайлауға міндетті.

Жаңа көшбасшы сайланғанға дейін жоғарғы биліктің міндеттерін уақытша үш адамнан тұратын кеңес атқарады. Оның құрамына президент, сот билігінің басшысы және Конституцияны қорғау кеңесі тағайындайтын дін өкілі кіреді.

New York Times басылымының ирандық шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлауынша, қауіпсіздік мәселелеріне байланысты жаңа мұрагерді жариялау кейінге қалдырылуы мүмкін. Ықтимал кандидаттардың бірі ретінде қаза тапқан жоғарғы көшбасшының екінші ұлы — Моджтаба Хаменеи аталады.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбі күні Иранның жаңа басшылығын қалыптастыру процесіне қатысқысы келетінін мәлімдеді. Axios басылымына берген сұхбатында ол биліктің Али Хаменеи ұлына берілу нұсқасын қолдамайтынын айтты.

— Олар уақытты босқа өткізіп жатыр. Хаменеи ұлы — әлсіз тұлға. Мен бұл тағайындауға қатысуым керек, — деді Трамп.

Бұған дейін Трамптың Иранның жаңа көшбасшысын тағайындау процесіне жеке ықпал еткісі келетіні хабарланған болатын.

Сондай-ақ Израиль Тегеранға ауқымды соққы беруді бастағанын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум