Ирандағы президенттік сайлауда реформатор Пезешкиан көш бастап тұр
АСТАНА. KAZINFORM — Иранда 14-ші президенттік сайлауда жұма күні дауыс беру өтті. Дауыстарды санау сайлау учаскелері жабылғаннан кейін бірден басталып, осы сағатқа дейін жалғасып жатыр. Алдын ала нәтижелер Масуд Пезешкиан мен Саид Джалили арасындағы бәсекелестіктің жоғары екенін көрсетеді.

Иран сайлау штабының баспасөз хатшысы Мохсен Эслами алдын-ала нәтижелерді жариялады. Сенбі күні таңғы сағат 09:43-те (Астана уақыты бойынша 11:13) 19 миллионнан астам бюллетень есептелді. Олардың нәтижесі бойынша Масуд Пезешкиан 8,3 миллионнан астам дауыс жинады, ал оның қарсыласы, бұрынғы ядролық бағдарлама келіссөзшісі Саид Джалили 7,2 миллионнан астам дауыс жинады, деп хабарлайды IRNA агенттігі.
Одан әрі парламент спикері Мохаммад Багер Галибаф 2,7 млн дауыс жинаса, Ішкі істер және Әділет министрлігінің бұрынғы басшысы Мостафа Пурмохаммади 158 314 дауысқа ие болды.
Келушілер саны әлі жарияланған жоқ. Ішкі істер министрлігі алғашқы нәтижелерді бүгін күтуге болатынын айтты.