Ирандағы ядролық нысандарға соққыдан кейін радиациялық қауіп анықталған жоқ

АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық және аймақтық құрылымдар халыққа қауіп төніп тұрған жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Ирандағы ядролық нысандарға соққыдан кейін радиациялық қауіп анықталған жоқ
Фото: АА

АҚШ-тың Ирандағы ядролық нысандарына жасаған соққыларынан кейін радиациялық фонның жоғарылауы тіркелген жоқ

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ), сондай-ақ Иран, Кувейт және Сауд Арабиясының ядролық қадағалау органдары АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына жасаған соққыларынан кейін радиациялық фонның жоғарылауы байқалмағанын мәлімдеді. Ресми мәліметтерге сәйкес, Фордо, Исфахан және Натанз қалаларындағы нысандар қоршаған ортаға қауіп төндірмейді.

МАГАТЭ таратқан мәлімдемеде агенттік «нысандардың шегінен тыс жерлерде радиация деңгейінің жоғарылауы тіркелмегенін» және жағдайды бақылауды жалғастырып жатқанын хабарлады.

Иранның Атом энергиясы жөніндегі ұйымы да бұл мәліметті растап, «радиациялық жүйелер мен далалық зерттеулердің деректері ластану мен халық үшін қауіптіліктің ешқандай белгісін көрсетпейді» деді. Ұйым басшысының орынбасары Реза Карданның айтуынша, қауіпсіздік шаралары алдын ала қабылданған, сондықтан да радиациялық ластану нысан аумағынан тыс жерлерде тіркелмеген.

— Адамдар бұл нысандардың маңында еш алаңсыз күнделікті тіршілігін жалғастыра алады, — деді ол IRNA агенттігіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар, Иран билігі соққылар кезінде нысандар ішінде радиоактивті материалдар болмағанын мәлімдеді. Бұл ықтимал төгілу қаупін де барынша азайтқан. IRNA агенттігінің хабарлауынша, Фордо, Натанз және Исфахан қалаларындағы объектілерден байытылған материалдар алдын ала шығарылған.

Ирандағы ядролық нысандарға соққыдан кейін радиациялық қауіп анықталған жоқ
Фото: АА

Сауд Арабиясының Ядролық және радиологиялық реттеу жөніндегі ұлттық комиссиясы өз мәлімдемесінде былай деді.

- Патшалық пен Парсы шығанағының көршілес елдерінде радиациялық әсер тіркелген жоқ, — деді.

Кувейттің Ұлттық гвардиясы да осындай мәлімдеме таратып, Шейх Салем әл-Али атындағы Химиялық қорғаныс және радиациялық бақылау орталығы елдің ауа және теңіз кеңістігінде радиациялық фонның өзгеруін байқамағанын хабарлады.

Ядролық нысандарға жақын аймақтардағы жағдай барлық бақылаушы құрылымдардың бағалауынша тұрақты және бақылауда.

МАГАТЭ қосымша мәліметтер түскен сайын өз бағаларын жаңартып отыратынын хабарлады.

АҚШ Иранның ядролық нысандарына соққы жасады — Трамп бұл операцияны сәтті деп атады.

Соңғы жаңалықтар