Ирандық тарап мал мен құс шаруашылығы саласында тәжірибе алмасуға қызығушылық танытып отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Иран Ислам Республикасының ауыл шаруашылығы жихады министрі Голамреза Нури Гезельдже бастаған делегациямен кездеті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Олжас Бектенов Иранның ауыл шаруашылығы жихады министрі Голамреза Нури Гезельджемен АӨК саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Фото: Үкімет

Кездесуге Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай және басқа да өкілдер қатысты.

 Жиында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Иран үкіметаралық комиссиясының 20-шы отырысы жұмысының нәтижелеріне назар аударылды.

Екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша сауда-саттықты арттыру және транзиттік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға жәрдемдесу жөніндегі тиісті ведомстволардың бірлескен жоспарлары қаралды.

 Қазақстан астық экспорты көлемін жылына 2 млн тонна бидай мен 1 млн тонна арпаға дейін жеткізуге мүдделі. Биылғы 4 айда қазақстандық АӨК өнімдерінің экспорты 3 есеге өсіп, $116 млн болды. Ирандық тарап мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы саласында тәжірибе алмасуға қызығушылық танытты.

Қосылған құны жоғары ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру келешегі зор бағыт саналады. Елімізде Kaz-Ir Agro компаниясының мақсары майын өндіретін және Solico Group фри картобын шығаратын зауыттарын іске қосу тәжірибесі негізінде инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Көлік және логистика саласындағы өзара іс-қимылды талқылау барысында кездесуге қатысушылар Каспий теңізінің транзиттік әлеуетін арттыруға және «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізінің мүмкіндіктерін кеңейтуге бірлескен мүдделерін білдірді. Биылғы 5 айда Қазақстан арқылы аталған бағыт бойынша жүк тасымалдау көлемі 74%-ға артып, 1,5 млн тоннаға жетті.

Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің тиісті мемлекеттік органдары сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру жөніндегі белгіленген жоспарларды жедел жүзеге асыру үшін жұмыс тобын құрғаны атап өтілді.

Анықтама: 2024 жылы Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы $340 млн-нан асты. Осы жылдың 4 айында бұл көрсеткіш 78,3%-ға артып, $173,5 млн-ға жетті. 

Айта кетелік Олжас Бектенов Сантьяго де Гомар Рокамен Қызылорда облысындағы зауыт құрылысын талқылаған еді

Соңғы жаңалықтар