Иранның мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы күрт төмендеді

АСТАНА. KAZINFORM — Иран тарапынан Израильге әскери қақтығыстарды тоқтату жөніндегі ұсынысынан кейін мұнай бағасы 3,2%-ға төмендеді. Бұл ықтимал бітімге деген үмітті күшейтіп, өңірден мұнай жеткізуге қауіп төнуі мүмкін деген алаңдаушылықты әлсіретті, деп хабарлайды Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.

Иранның мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы күрт төмендеді
Фото: afk.kz

Мұнай нарығы

Дүйсенбі күнгі сауда нәтижесінде мұнай баррелінің бағасы $73,2-ға дейін төмендеді (-3,2%). Иран, Қатар, Сауд Арабиясы және Оман арқылы АҚШ президенті Дональд Трампқа Израильге отты тоқтату үшін қысым жасауға өтініш білдірді. Бұған жауап ретінде Тегеран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерге икемділік танытуға дайын екенін жеткізген.

Ұлттық валюта және валюталық нарық

Дүйсенбі күнгі сауда қорытындысы бойынша, АҚШ долларының бағамы 512,60 теңгеге (+0,50 тг) сәл өсті. Жыл ортасында бюджет қаржысының игерілуіне байланысты шетел валютасына сұраныс артады, бұл импорттың ұлғаюына әкеледі. Сонымен қатар, мұнай бағасының түзетілуі және геосаяси шиеленіс те теңгеге қысым көрсетіп отыр.

Ақша нарығы

Қысқа мерзімді өтімділікке сұраныстың біршама өсуі нәтижесінде ақша нарығындағы мөлшерлемелер дүйсенбіде көтерілді, бірақ базалық мөлшерлеме дәлізінің төменгі шегіне жақын деңгейде қалды.

  • TONIA мөлшерлемесі: 15,57% → 15,62%

  • SWAP-1D мөлшерлемесі: 10,48% → 10,62%

  • Сауда көлемі: 552 млрд теңге (+33 млрд)

  • Ұлттық Банктің депозиттік аукционында сұраныс: 1,6 трлн теңге (+1,0 трлн), мөлшерлеме: 16,5%

  • Ұлттық Банктің ашық позициясы: 8,0 трлн теңге

Қор нарығы

KASE индексі аптаны 1,1%-дық өсіммен бастап, 5 864 пунктке дейін жетіп, жаңа тарихи рекорд орнатты. Сауда көлемі 1,7 есе өсіп, 900 млн теңгеге жетті.

Негізгі өсімге үлес қосқан акциялар:

  • Қазатомөнеркәсіп: +4,0%

  • Air Astana: +3,2%

  • ҚазМұнайГаз (КМГ): +2,0%

  • Банк ЦентрКредит (БЦК): +1,4%

  • KEGOC: +1,1%

Бұл кең ауқымды сатып алулар нарыққа жаңа өтімділіктің келуін, соның ішінде дивидендтердің қайта инвестициялануын білдіруі мүмкін.

Freedom Holding Corp. компаниясы 2024 жылдың 1 сәуірі – 2025 жылдың 31 наурызы аралығында табысын 23%-ға, 2,05 млрд долларға дейін арттырды. Осы мәліметтің фонында оның акциялары Nasdaq-та 3,2%-ға өсті.

Құнды қағаздар және қорғаныс активтері

  • АҚШ-тың 10 жылдық облигациялары: табыстылығы 4,45% дейін өсті (жұма күні 4,42%)

  • АҚШ доллар индексі: 98,0 пунктке дейін төмендеді (-0,3%)

  • Алтын фьючерстері: 1,2%-ға төмендеп, 1 унциясы $3 423 болды

Тәуекел активтері

АҚШ-тың қор нарықтары Иранның әскери әрекеттерді тоқтатуға ұмтылатыны туралы мәлімдемесінен кейін 0,8-1% өсті.

Технологиялық секторда:

  • Advanced Micro Devices акциялары: +9%

  • Marvell Technology, Arm Holdings, ON Semiconductor: шамамен +5%

  • PHLX Semiconductor индексі: +3%

Бұған дейін хабарланғандай, Brent маркалы мұнай 4,3 пайызға қымбаттады.

Соңғы жаңалықтар