Иранның медициналық жабдықтары қанша елге экспортталады – шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Иранның медициналық жабдықтары әлемнің қанша еліне экспортталады – ParsToday
ParsToday ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, Иран Ислам Республикасы президентінің ғылым жөніндегі орынбасары елдің медициналық жабдықтар экспортының айтарлықтай өскенін хабарлады.
Иран Ислам Республикасы президентінің ғылым жөніндегі орынбасары Хосейн Афшин жексенбі күні Теһрандағы 26-шы «Iran Health 1404» халықаралық көрмесінің ашылу салтанатында ирандық медициналық құрал-жабдықтар өнеркәсібі белсенділерінің талпыныстарын бағалай отырып, осы саладағы жаңашылдық, сапа және технологиялық қолдаудың маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды ParsToday ақпарат агенттігі.
Афшинның айтуынша, Ирандық дәрігерлер әлем жетекшілерінің қатарында және Иран өзінің мақтанарлық мүмкіндіктерінің бірін көрсеткісі келсе, медицина мен емдеу саласы күмәнсіз ең көрнекті салалардың қатарында. Сондай-ақ оның келтірген мәліметінше, Ирандық медициналық жабдықтар өндірушілері денсаулық сақтау қауымдастығына жоғары сапалы, қауіпсіз және ұзақ мерзімді өнімдерді шығарады және жеткізеді. Бұл жабдықты ирандық дәрігерлер пайдалануы сенім мен сапаның жоғары деңгейін көрсетеді, өйткені дәрігерлер ең жоғары сапа деңгейімен ең жақсы және қауіпсіз жабдықты пайдалануға міндеттелген.
Афшин Иранның медициналық жабдықтары елдің білімге негізделген өнеркәсібінің мақтаныштарының бірі болып табылатын ирандық медициналық құрал-жабдықтардың 60-тан астам елге экспортталғанын тілге тиек еткен.
Бұхара халықаралық фестиваль аясында жаһандық туристік орталыққа айналды - «ӨзА»
Қазіргі күндері тарихи Бұхара қаласы халықаралық деңгейдегі ірі мәдени оқиға - XXI дәстүрлі «Жібек және дәмдеуіштер фестивалінің» айбынды алаңына айналып отыр. Мыңжылдықтар бойы өркениет тоғысқан бұл көне шаһар бүгінде ұлттық рух пен әлемдік мәдени әртүрлілікті тоғыстырған мерекенің нағыз үлгісіне айналды, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Аталған ақпарат көзінің дерегінше, Шәһристан алаңы – фестивальдің негізгі сахнасы іспетті. Бұл күндері мұнда шетелдік және жергілікті туристердің қарасы қалың, қонақтар көне Бұхараның ерекше рухын, бай мұрасын, түрлі ұлттар мен мәдениеттердің тоғысқан салтанатын көзбен көріп, көңілмен сезінуде.
Келтірілген мәліметтерге сүйенсек, фестиваль аясында көрермендер мен қатысушыларды алуан түрлі мәдени бағдарламалар, ұлттық нақыштағы қолөнер жәрмеңкелері, қолданбалы өнер көрмелері, жанды музыкалық орындаулар мен дәмі мен дәстүрі астасқан гастрономиялық көрсетілімдер күтіп тұр.
Фестивальдің айрықша назар аударатын сәттері қатарында, Жібек пен ұлттық қолөнер бұйымдары көрмесі, «Палаудың сәні» атты ұлттық тағамдар байқауы, «Silk&Spices Fashion days» атты отандық және шетелдік дизайнерлер қатысатын сән көрсетілімі қатарлы бірқатар маңызды іс-шаралар өтеді.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Өзбекстанда еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақы және стипендия 10 пайызға өседі» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Хабарламада айтылуынша, Өзбекстан Республикасының Президенті мемлекеттік бюджет ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысын, зейнетақы, жәрдемақы және стипендияны 10 пайызға арттыру жөніндегі жарлыққа қол қойған.
Атап айтқанда, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақылар мен жәрдемақылар, сондай-ақ мұқтаж отбасыларға төленетін балалар жәрдемақысы мен материалдық көмек төлемдері мөлшері 10 пайызға ұлғайтылады.
Бұл ақпаратта жасқа байланысты ең төменгі зейнетақы, мүгедектік бойынша зейнетақы көлемдері көрсетілген.
Сондай-ақ, мұқтаж отбасыларға және балалар жәрдемақысының мөлшері, 3 жасқа дейінгі бір балаға, 3 жастан 18 жасқа дейінгі бір балаға, екінші, үшінші және одан кейінгі әр балаға берілетін қосымша сомалар көрсетілген.
Сонымен қатар 2025 жылғы 1 тамыздан бастап бюджет мекемелерінің қызметкерлерінің жалақысы мен стипендия 10 пайызға арттырылады.
«Өркениеттер симфониясы. жарасымды өмір» атты үгіт-насихат фильмі жарияланды – «Халық газеті»
«Халық газетінде» «Өркениеттер симфониясы · жарасымды өмір» атты үгіт-насихат фильмі жарияланды. Қытайлық «Халық газеті» басылымында осындай тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, өзара алмасу арқылы өркениет түрлі-түсті болады, өзара үйренудің арқасында мазмұны бай болады. Мыңдаған жылдар бойы Қытай Орталық Азиядағы барлық этникалық топтардың халқымен бірге Жібек жолының өркендеуіне ықпал етіп, әлемдік өркениеттердің алмасуы мен интеграциясына, дамуына тарихи үлес қосты.
«Халық газеті» басылымының мәліметінше, Қазақстанның Астана қаласында Қытай-Орталық Азия елдерінің екінші саммиті өтеді. Онлайн «Халық Газетінің» өркениеттер алмасуы және өзара үйрену процесінде Қытай мен Орталық Азия халықтары арасындағы тамаша оқиғалар мен терең достықты арқау еткен «Өркениеттер симфониясы. жарасымды өмір» үгіт-насихат фильмін жариялады.
– Қытай мен Орталық Азия елдерінің мыңжылдық достықты жалғастыруын, жаңа болашақты ашуын, өркениет шамшырағы адамзаттың дұрыс жолында жарқырауы үшін бірлесіп жұмыс істеуін асыға күтеміз, - деп жазады «Халық газеті».
Сондай-ақ осы аптада «Халық газеті» басылымында «Алғашқы бес айда Қытайда жаңа энергетикалық көліктердің сатылымы жаңа көліктердің жалпы сатылымының 44% -ын құрады» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, алғашқы бес айда Қытайда жаңа энергетикалық көліктердің сатылымы жаңа көліктердің жалпы сатылымының 44% -ын құраған.
Атап айтқанда, Қытайдың Автомобиль өнеркәсібі қауымдастығының мәліметтері бойынша, осы жылдың алғашқы бес айында Қытайда жаңа энергетикалық көліктердің өндірісі мен сатылымы қарқынды өскен. Ал жаңа энергетикалық көліктердің сатылымы жалпы жаңа көліктер сатылымның 44%-ына жеткен.
Түркия Римде мәдени қазыналарын ұсынады - TRT
«Түркиядан шыққан үш түпнұсқа жәдігер мен бір көшірме Римде ашылған жаңа көрмеде көрсетілуде», деп хабарлады Түркияның Мәдениет және туризм министрлігінің Мәдени мұралар және мұражайлар бас дирекциясы. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, «Кибела – Magna Mater Idaea Рим, Тунис және Жерорта теңізі арасында» деп аталатын көрме бейсенбі күні ашылды. Бұл шара Колизей археологиялық паркі дирекциясы мен Тунистің Ұлттық мұра институтының ынтымақтастығымен ұйымдастырылған.
Ал Министрліктің мәлімдеуінше, жыл сайын миллиондаған келушіні қабылдайтын бұл халықаралық көрме алаңында түрік жәдігерлерінің көрсетілуі «жәдігерлерді насихаттауға және Италиямен терең тамырлы байланыстарды нығайтуға» үлкен мүмкіндік ретінде қарастырылады.
Айта кетейік, 5 қарашаға дейін келушілерге ашық болатын бұл көрмеде Тунистегі ежелгі Зама қаласынан табылған жәдігерлермен қатар көрмеде барлығы 92 жәдігер ұсынылған. Олардың ішінде Италия мұражайларынан 30 жәдігер, Ватиканнан үш, Грекиядан төрт, АҚШ-тан екі, Германия мен Даниядан бір-бірден, Болгариядан бес және Бельгиядан 10 жәдігер бар.
Сондай-ақ «TRT» басылымында «Қажыларды қатты ыстықтан қорғау үшін 155,000 тонна салқындату жүйесін іске қосты» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, биыл Сауд Арабиясында қажы болу үшін миллионнан астам адам жиналған.
Келтірілген деректерге сүйенсек, аймақтағы ауа температурасы күрт көтерілген кезде, Сауд Арабиясы Меккедегі Әл-Харам мешіті мен Мәдинадағы Ән-Нәбәуи мешітінде әлемдегі ең ірі салқындату жүйесін іске қосты. Бұл қажылық сапарын бастаған миллионнан астам қажының ыстық ауа райында құлшылықтарын жеңілдету үшін жасалды. Ауа температурасы 40° Цельсийден асуы мүмкін деп болжануда.
Сауд газетінің мәліметінше, бұл ерекше жүйенің жалпы салқындату қуаты 155,000 тоннаға жетеді.
– Ауа сапасын оңтайлы деңгейде сақтау үшін жүйе ауадағы қоспалардың 95 пайызын тазартуға қабілетті заманауи тазарту технологияларын қолданады. Бұл қажылар үшін таза және қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді, әсіресе жаздың ыстық күндерінде, - деп жазады түркиялық БАҚ.