Иран СІМ басшысы АҚШ шабуылынан кейінгі уранның тағдыры туралы айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Арагчидің мәлімдеуінше, әуе соққылары салдарынан қираған ядролық нысандардың астында елдің байытылған уранының негізгі бөлігі қалған. Ол уранның қандай бөлігі «жарамды күйінде» сақталғанын нақты білмейтінін айтты, деп жазды DW.
– АҚШ Иранның үш ірі ядролық нысанына соққы жасағаннан кейін жоғалып кеткен, 60%-ға дейін байытылған 400 килограмм уран «сол бұрынғы орындарында қалды, – деді Иран СІМ басшысы Аббас Арагчи Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында.
Сұхбаттың үзіндісі қарашаның 2-сі, жексенбі күні кешке министрдің Telegram-арнасында жарияланды.
– Соғыс басталғанға дейін біз ол материалдарға тиіспедік. Олардың көбі, дәлірек айтқанда, барлығы дерлік жер астында орналасқан. Біз оларды жер астынан шығару үшін қажетті жағдайлар жасалғанша қозғамаймыз, – деді Арагчи.
Оның айтуынша, аталған 400 килограмм уранның қаншалық бөлігі зақымданбай сақталғаны әзірге белгісіз.
– Біз оларды тиісті жағдай жасалмайынша қозғамаймыз, – деп нақтылады министр.
Арагчи АҚШ-тың әуе соққылары Иран ядролық нысандарына «елеулі зиян келтіргенін» атап өтті. Оның айтуынша, зақым тек ғимараттарға ғана емес, жабдықтар мен техникаға да келген. Дегенмен ол уранды байыту технологиясының жойылмағанын мәлімдеді.
– Ең маңыздысы – біздің ерік-жігеріміз жоғалған жоқ. Бұл оқиғалардан кейін де ол сақталып отыр, – деді Иран СІМ басшысы.
АҚШ пен Израильдің Иранға соққылары
13 маусымда Израиль Иранға қарсы кең ауқымды әскери операция бастаған болатын. Бірнеше күн бойы соққылар негізінен Иранның ядролық және әскери нысандарына бағытталды.
Жауап ретінде Иран Израильге зымырандар мен дрондар арқылы ауқымды шабуылдар жасады.
АҚШ Израиль жағында соғысқа араласып, Иранның Фордо, Натанз және Исфахан қалаларындағы ядролық нысандарына соққы берді. 24 маусымда Израиль мен Иран арасында атысты тоқтату туралы келісім күшіне енді.
Израильдің ресми мақсаты – Иранның атом бомбасын жасауына жол бермеу еді. Алайда Тегеран мұндай ниеті жоқ екенін мәлімдеді. АҚШ барлау қызметі де Иранның ядролық қару жасау бағытында нақты дәлелдер таппаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық соққылар нәтижесінде Иранның ядролық бағдарламасы толығымен жойылғанын хабарлады.
Сонымен қатар, Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) 60%-ға дейін байытылған 400 кг уранның жоғалып кеткенін растады. Агенттік басшысы Рафаэль Гросси маусым айының соңында Иран бірнеше ай ішінде уран байыту процесін қайта бастай алатынын мәлімдеді.
Вашингтонның ядролық келіссөздерді қайта бастау туралы үндеуіне жауап ретінде Иран СІМ басшысы Тегеран АҚШ ұсынған «ақылға қонымды, теңгерімді және әділ ұсынысты» қарастыруға дайын екенін, бірақ уран байытудан бас тартпайтынын айтты.
Бұдан бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық нысандары қайта іске қосылатын болса, оларды «саусағын көтеріп үлгергенше жойып жіберемін» деп мәлімдеген еді.