Иранның импорты арзанырақ - Маңғыстауда ауыл шаруашылығы өнімін сатуда мәселе бар
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысының өнім өндіруші кәсіпкерлері үшін өзекті мәселе - жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортталатын азық-түлікпен бәсекеге түсуі болып отыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Маңғыстауға жұмыс сапары аясында айтылды.
Ақтауда бизнесті дамыту мәселелері бойынша өткен басқосуда жергілікті кәсіпкерлер сырттан жеткізілетін азық-түлікпен бәсекеге түсу айтулы мәселеге айналғанын атап өтті.
«Кәсіпкерлер маусым кезінде қиярды Ираннан көптеп импорттайды және оларды жергілікті өнімге қарағанда екі есе арзан бағада сатады. Мысалы, қиярды бір килограмына 500 теңгеден сатады, ал жергілікті қияр бір килограмына 1000 теңгегеден сатылады. Себебі Иранда құнның жартысын мемлекет субсидиялайды, мұндай әдіс бізде қарастырылмаған. Бұл тұрғындарға қиярды арзан бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Алайда, жергілікті өнім экологиялық жағынан әлдеқайда таза, өйткені олар тасымалдау кезінде ұзақ сақталу үшін әртүрлі тыңайтқыштармен өңделмейді, — деді „доктор Агро“ ЖШС директоры Байрам Қазым.
Сонымен бірге, Мұнайлы ауданының тұрғыны көкөністердің бірнеше түрін өсіретін жылыжай туралы ұсынысын алға тартты. Биыл ол лаванда алқабын егуді жоспарлап отырғанын айтты. Оның айтуынша, бұл туристерді тартып қана қоймай, қосымша жұмыс орнын ашуға жәрдемдеспек. Алайда, қазірдің өзінде жылыжайда жұмыс күші тапшы болып отыр.
«Біздің өңірде жұмыссыздар көп, бірақ қандай да бір себептермен олар жылыжайда жұмыс істегісі келмейді. Барлығы мұнай саласында қызмет атқарғанды жөн санайды. Біз жұмыспен қамту орталығына жылыжайдағы бос жұмыс орындары туралы өтінім жібереміз, бірақ ешкім ауыл шаруашылығы саласына келмейді», — деді Алмагүл Қарасаева.
Өз кезегінде Серік Жұманғарин Маңғыстау облысының агроөнеркәсіптік саласын дамыту үшін биыл 2,5 млрд.теңге субсидия көзделгенін және қаржы көлемі ұлғаятынын атады.
«Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерінің бірі — өзімізді негізгі азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз ету. Зерттеу деректері бойынша қазақстандықтар тұтыну шығындарының жартысын азық-түлікке жұмсайды. Бұл шығындардың 17 пайызы етке, оның ішінде тауық етіне, 8 пайызы астық өнімдеріне (нан, жарма және т. б.), 5 пайызы сүт өнімдеріне, 4 пайызы көкөністерге, жемістер мен қантқа жұмсалады. Бұл біз ауыл шаруашылығы арқылы өзімізді толығымен қамтамасыз етуіміз керек өнімдер», — деді вице-премьер.
Сонымен қатар, Серік Жұманғарин фермерлік жылыжай иелеріне субсидия алу мүмкіндігін айтты. Ол үшін жылыжай шаруашылықтарын ұлттық стандартқа сәйкес келтіру қажет. Бұл орайда шаруаларға сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті көмектесетін болады.