Иранның ядролық нысандарына қатысты жаңа спутниктік фотосуреттер жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Жоғары сападағы бұл фотосуреттер Исфахан, Фордо және Натанз қалаларындағы стратегиялық объектілердің қазіргі жай-күйін көрсетеді. Бұл туралы BBC агенттігі хабарлады.

Аталған үш нысан өткен демалыс күндері АҚШ тарапынан B-2 ұшақтары мен қанатты зымырандар арқылы бомбаланған. Бұған дейін бұл аймақтарға Израильдің әуе соққылары да жасалған болатын.
АҚШ Президенті Дональд Трамп мәлімдемесінде жүргізілген операция нәтижесінде «нысандар толықтай жойылды» деп хабарлады.
– Maxar Technologies компаниясы түсірген спутниктік суреттерде жерүсті мен жерасты құрылыстарының зақымданғаны, сондай-ақ объектілерге кіретін жолдар мен туннельдерде бүліну іздері бары анық көрінеді, - делінген агенттіктің мақаласында.
Бұған дейін, Иранның ядролық құпия нысаны туралы не белгілі болғанын жазған едік.