Иранның Жоғарғы көшбасшысы алғашқы рақымшылық жарлығына қол қойды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Моджтаба Хаменеи түрлі қылмыс үшін сотталған 2 мыңнан астам азаматқа қатысты рақымшылық жасау туралы жарлық шығарды. Бұл туралы оның Telegram-арнасында жарияланған хабарламада айтылған, деп хабарлайды ТАСС

Иранның Жоғарғы көшбасшысы алғашқы рақымшылық жарлығына қол қойды
Фото: Tasnim News

Хабарламада жарлықта «рақымшылық жасау немесе жазаны жеңілдету» қарастырылғаны атап өтілген.

Бұл – Моджтаба Хаменеи әкесі, Иранның бұрынғы Жоғарғы көшбасшысы Али Хаменеи қаза тапқаннан кейін елдің Жоғарғы көшбасшысы болып сайланғаннан бері қол қойған алғашқы рақымшылық жарлығы.

Моджтаба Хаменеи әзірге жұртшылық алдына шыққан жоқ.

Еске салсақ, Моджтаба Хаменеидің Иранның Жоғарғы көшбасшысы болып сайланғаны туралы 9 наурызда белгілі болған еді. Бұған дейін оның 28 ақпандағы қақтығыстың алғашқы күні жараланғаны хабарланған болатын. Сол кезде жасалған әуе соққысы салдарынан оның әкесі Али Хаменеи қаза тапқан.

Кейінірек Моджтаба Хаменеи сайланғаннан кейін алғаш рет халыққа үндеу жолдады. Мәлімдеме мемлекеттік телеарна эфирінде оқылып, мәтіні жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Алайда ол камера алдына жеке өзі шыққан жоқ.