Моджтаба Хаменеи Иранның Жоғарғы Көшбасшысы болып сайланды – Сарапшылар кеңесі
АСТАНА. KAZINFORM — Иранда елдің жаңа Жоғарғы Көшбасшысы белгілі болды. Ол – Иранның қаза тапқан бұрынғы рухани көшбасшысы Әли Хаменеидің ұлы Моджтаба Хаменеи. Бұл туралы ирандық Fars агенттігі хабарлады.
Моджтаба Хаменеидің сайланғаны туралы 9 наурыз күні белгілі болды. Бұл туралы Сарапшылар кеңесі мәлімдеме жасады.
56 жастағы Сейед Моджтаба Хаменеи — бұған дейін Израиль мен АҚШ соққыларынан қаза тапқан Иранның бұрынғы жоғарғы жетекшісі Али Хаменеидің екінші ұлы. Ол Иранның саяси-діни элитасы ішіндегі ықпалды тұлғалардың бірі саналады. Ұзақ уақыт бойы Жоғарғы Көшбасшының аппаратында жұмыс істеп, Ислам революциясы сақшылары корпусының өкілдерімен тығыз байланыс орнатқан.
Бұған дейін Иранның Сарапшылар кеңесі жаңа рухани көсемді сайлағаны хабарланды.
Жаңа басшыны таңдау Иран төңірегіндегі жалғасып жатқан әскери қарсыластық жағдайында өтті.
26 ақпан күні АҚШ Таяу Шығысқа 300-ден астам әскери ұшағын орналастырды.
Қақтығыс 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иран Ислам республикасының аумағына соққы жасауымен басталды.
Али Хаменеи қаза тапқаннан кейін Иранда билікті тапсыру рәсімі іске қосылды.
Бұған дейін Иран Хаменеидің қаза тапқанын ресми түрде растағаны және елде 40 күндік аза тұту жарияланғаны хабарланды.