Иранның Горган қаласында Қазақстанның Бас консулдығы ашылды

АСТАНА.Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат - Ақпаның 17-сінде Иран Ислам Республикасының Каспий теңізі маңындағы Гүлістан уәлаятының орталығы - Горган қаласында Қазақстанның Бас консулдығы ашылды.
None
None
Салтанатты ашу рәсіміне Гүлістан уәлаятының губернаторы Яхия Махмудзаде, Балық шаруашылығы мен Ауыл шаруашылығы мемлекеттік ұйымдары, Сауда-өнеркәсіп палатасының және Көрме өткізуші ұйымның басшылары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. ҚР-ның Ирандағы Елшісі Ерік Өтембаев бұл қадамның ерекше маңыздылығына назар аударып, осы уәлаятта бірінші болып ресми өкілдігін ашқан Қазақстан екенін атап өтті. «Өкілдіктің басты міндеті ? Гүлістан уәлаятының көліктік әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, әртүрлі бағыттағы қазақстан-иран серіктестігін ұйымдастыру. Ал бірлескен жобаларды жүзеге асыру кезінде басты назар Гүлістанда тұрып жатқан қазақ диаспорасы өкілдерін тартуға бағытталады» - деді ол. Салтанатты шара шеңберінде қазақ диаспорасының өкілдері концерт қойып, қазақтың ұлттық шығармаларын орындады. Оған ақсақалдар құрметті қонақ ретінде шақырылды. Гүлістан аймағының басшысы Яхия Махмудзаде уәлаят әкімшілігінің осы саяси қадамды екі елдің арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың тереңдеп келе жатқанда қабылдағанын өте жоғары бағалайтынын айтты. «Бас консулдықтың ашылуы екіжақты қатынастар тарихындағы жаңа бет, өйткені Қазақстан мен Иран екіжақты қарым-қатынасты дамытуға мүдделі» - деді губернатор. Е. Өтембаев осының алдында губернатор бастаған Гүлістан уәлаятының делегациясымен кездесіп, әріптестіктің басты бағыттарын айқындай алатын ынтымақтастықтың стратегиялық бағдарламасын әзірлеу қажеттігі туралы келісті. Горган қаласы Каспий теңізі жағалауындағы маңызды көлік-транзит торабы болғандықтан, алдағы уақытта аймақтағы елдердің экономикалық қарым-қатынасында маңызды рөл атқаратын болады. Елші 2007 жылы қазанда Тегранда өткен Каспий жағалауындағы елдер президенттерінің екінші саммиті кезінде Қазақстан, Иран және Түрікменстан президенттері қол қойған Өзен-Ғызылгия-Этрек-Горганды қосатын Темір жол құрылысы туралы декларацияның маңызын атап өтті. Жоба жүзеге асса, Парсы шығанағы мен өзге аймақтарға шығатын көлік инфрақұрылымын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Осымен бірге қазақ диаспорасының сауда және мәдени ынтымақтастықты дамытуға көп ықпал ететінін айтып, уәлаят әкімшілігінен оларды қолдауды сұрады. Қазақ диаспорасы өкілдерімен де жеке кездесу өтіп, этникалық қазақтардың күнделікті тұрмысы мен жағдайы туралы әңгіме болды. Гүлістан уалаятында 6 мыңнан астам қазақ тұрады. Қазақстанның Ирандағы Елшілігі осы жағдайды ескеріп, диаспорамен жұмысқа ерекше көңіл аударып келген. Мысалы, диаспораның ішінен Ақсақалдар кеңесі құрылды. Ол басқарушы орган қызметін атқарып, диаспораның әртүрлі бағыттағы жұмысын үйлестіріп отыратын болады. Елші Бас консулдыққа диаспорамен жұмыс бойынша нақты міндеттер жүктеді. Елшілік қазақ диаспорасының балалары мен жастары үшін Бас консулдықтың ғимаратында қазақ тілі мен әдебиетін оқыту, компьютерлік сауаттылық пен фольклорлық өнерге үйрету сыныптарын ашу туралы бастама көтерді. Қазақ диаспорасы өкілдері Президент Н.Назарбаевқа ұлтаралық және дінаралық татулықты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыстарын айтты. Қазақстан басшылығының этникалық қазақтарға өздерінің тарихи Отанымен байланыс жасап, Қазақстанда болып жатқан оқиғалармен хабар алып отыруға көмектесіп отырған саясатын жоғары бағалады. Уәлаят әкімшілігімен Қазақстанның құрметіне Горган қаласындағы көшелердің бірінің атын беру туралы келіскеннен кейін, Елшілік оны қазақ диаспорасымен бірігіп таңдап алды. Горган университеті мен «Мелли» ұлттық банкінің бөлімшесі орналасқан Горганның басты көшелерінің бірі келешекте бауырлас Ақтау қаласының атымен аталатын болды. Осымен бірге Горган қаласының орталық кинотеатры «Бахманда» «Бейбарыс» фильмін көрсетумен «Қазақ киносының апталығы» ашылды. Қазақ диаспорасы осы апта ішінде қазақ киносының алтын қорына жататын туындыларды көретін болады. Елбасы Горган қаласында Қазақстан Республикасының Бас Консулдығын ашу туралы Жарлыққа 2008 жылы желтоқсанның 15-інде қол қойған болатын.
Соңғы жаңалықтар