Иранның сыртқы істер министрлігі қазақстандық азаматты босату бойынша түсініктеме берді

Естеріңізде болса, биыл сәуірдің 5-сі күні Иранда үш қазақстандық азамат қамауға алынғани болатын. Алтын өндіретін «Зар Кух» қазақ-иран компаниясында жұмыс істеген олардың құжаттары дұрыс болмады. Бертін келе, қамауға алынған біздің екі жерлесіміз бостандыққа шықты. Бірақ Мұхаммад Шерзада есімді азаматты әлі босатқан жоқ. Осы іске байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің өкілдері ирандық әріптестерімен бірқатар келіссөздер өткізді. Ал екі күн бұрын өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім еткендей, жақын арада М.Шерзаданы босатуы тиіс.
Дегенмен, Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты растап отырған жоқ. Министрліктің ресми өкілі Рамин Мехманпарасттың айтуынша, олар да бұл мәселе бойынша жұмыс істеп жатыр. «Осы оқиғаға байланысты барлық құжаттар сотқа берілді. Енді, Иран мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынастарын ескерсек, аталған іс жақын арада шешіледі деп сенемін», - деді Р.Мехманпараст. Дипломат атап көрсеткендей, кейбір заңнамалық тетіктерге байланысты қамауға алынған М.Шерзадаға қазақстандық консулдар жіберілмей отыр.