ИРЕНА Жарғысын қабылдау арқылы Қазақстан жаңартылатын энергетика саласында маңызды мүмкіндіктерге қол жеткізеді - Ә. Исекешев

АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат - ИРЕНА жарғысын қабылдау арқылы Қазақстан жаңартылатын энергетика саласында маңызды мүмкіндіктерге қол жеткізеді.
None
None

Бүгін Парламент Cенатының жалпы отырысында «Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің (ИРЕНА) Жарғысын ратификациялау туралы» құжатты талқылау барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев осылай мәлім етті.

Министрдің айтуынша, ИРЕНА Жарғысына сәйкес, оның толық құқықтық мүшесі мәртебесін алу үшін қол қоюшы мемлекет осы құжатты ратификациялауы қажет. Бұл ретте Жарғыны қабылдаудың Қазақстан үшін маңыздылығы айтарлықтай зор болып табылады. Атап айтқанда, біріншіден Қазақстан осы арқылы ИРЕНА тарапынан көрсетілетін жан-жақты қолдаулардың барлығын толық пайдаланатын болады. Екіншіден, халықаралық агенттік қандай да бір шешім қабылдайтын кезде Қазақстанның дауыс беру құқығы болады.

«Араб Әмірліктерінің Әбу Даби қаласында штаб-пәтері орналасқан халықаралық агенттіктің бүгінгі таңда 105 мүше мемлекеттері бар, оның ішінде Жарғыны қабылдаған 54-і толыққанды мүшелік мәртебесін иеленуге үмітті. Олардың арасында Қазақстан да бар. Осы ұйымға қатысу арқылы Қазақстан ИРЕНА-дан үлкен көмектерді алатын болады. Атап айтқанда, жаңартылатын энергетиканы зерттеу мен әлеуетін айқындау бойынша халықаралық гранттарды иелене аламыз. Бұдан бөлек, қоршаған ортаға теріс әсерін азайту мақсатындағы жаһандық ноу-хауларды енгізуге де жеңілдіктер қарастырылады. Сонымен қатар, бүгінгі таңда ИРЕНА дүниежүзілік ауқымдағы күн және жел энергетикасының мейлінше әлеуетті алаңдары белгіленген «жаһандық глобусын» даярлаған. Қазақстан толыққанды мүшелікке өткеннен бастап, біз осындай маңызды ақпаратты тегін алатын боламыз», - деді Премьер-министр орынбасары.

Әсет Исекешевтың айтуынша, былтыр ИРЕНА жаңартылатын энергия мәселелері бойынша оқытудың халықаралық әріптестік жобасын қолданысқа енгізген. Бұл бағдарлама да Қазақстан үшін қолжетімді бола түседі. «Ол бойынша жаңартылатын энергетика саласында оқытудың әлемдік мәліметтер базасы, осы бағыттағы ғылыми материалдар, зерттеулерді тегін алатын боламыз. Қазақстандық мамандар арнайы семинарларға, халықаралық шараларға қатысып, электрондық оқуларға араласатын болады», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар