Ірі ауылшаруашылық субъектісі шаш етектен шығынға батқалы тұр

«Біз субсидияның кешігуі салдарынан суару жұмыстарын үзіп алдық. Енді шығын жүздеген тоннаны құрауы мүмкін. Сояның бір тоннасы жүз мың теңге десек, шамамен 500 тонна сояның шығыны 50 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар, қазір біздің шаруашылық Үржар ауданындағы негізгі жұмыс көзі болып отыр. Жалақының дер кезінде берілмеуі салдарынан 30 шақты жұмысшы жұмыстан шығып кетті», - деді ЖШС басшысы Асқар Ізімғалиев.
Шенеуніктердің қамсыздығынан амалы таусылған Шығыс Қазақстан облысының фермерлері «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы алғашқы медиа-орталық» республикалық қоғамдық ұйымының көмегіне жүгінген. Қазір ұйым қызметкерлері аталған деректі тексеріп, біраз істің мән-жайын ашуда.
Олар ауылшаруашылығы басқармасына сұрау салды. Демеуқаржыны берудің администраторы болып отырған басқарма қаржының берілмеуін былайша түсіндірді.
«Біз демеуқаржыны беру мәселесін қарау ерте деп санаймыз. Өйткені, облыстық ҰҚК департаментінен осы туралы хат келді».
Кейін жүргізілген тексеру барысында ШҚО бойынша ҰҚК департаменті жер дауынан туған сот шешімін негізге алғаны белгілі болды.
«Бәтуа» ЖШС орналасқан жердің бұрынғы иесі меншіктік құқығын даулап жатқан көрінеді. Ал, жерді серіктестік иелері әкімдіктен сатып алған. Қазір Үржар аудандық әкімдігіне қарсы сот шешімі шыққаны белгілі болды.
Бір қызығы облыстық ауылшаруашылығы басқарма басшылығы департаментке хат жазып, ары қарай қалай әрекет ету керектігін сұрағаны анықталды. Бұл жөнінде екі мекеме арасындағы жіберілген хаттарда тайға таңба басқандай анық көрсетілген.
«Неліктен облыстық ауылшаруашылығы басқармасы ауылшаруашылығы мәселелерінде қалай жұмыс істеу керектігін ҰҚК-нен сұрайды? Сол мәселе бізді таң қалдырып отыр. Біз қазір аталған мәселе бойынша құжаттарды, дәлел, айғақтарды жинап жатырмыз. Құжаттар жақын арада прокуратураға беріледі», - деді «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы алғашқы медиа-орталық» республикалық қоғамдық ұйымының Алматыдағы филиалының басшысы Михаил Кленчин.
Бұл жобаны жүзеге асыруға мемлекеттен 6 млрд теңге көлемінде, шетелдік банктерден 3,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. «Бәтуа» ЖШС ҚР Үкіметінің 2006 жылғы 4 сәуірдегі №237 қаулысына сәйкес бюджеттік демеуқаржы алушы болып табылады.