Ірі кәсіпорындар мен Павлодар облысының әкімдігі жұмыс орындарын сақтау бойынша келісімге қол қойды

Келісімде өндіріс үрдістерін тұрақтандыру, жұмыспен қамтуды үйлестіру және жұмысшылардың еңбек құқықтары мәселелері бойынша өзара ынтымақтасу қарастырылған. Меморандумға «Қазақстан алюминийі», «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ, «Қазхром» ТҰК АҚ филиалы Ақсу ферроқорытпалар зауыты, «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ, «Екібастұз қаласының №1 ҚАЭС» ЖШС, «Екібастұз қаласының №2 ҚАЭС» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС қол қойды.
Қол қойылған құжаттардың шеңберінде облыс әкімдігі өз құзыреттілігі бойынша кәсіпорынның өндірістік қызметіндегі күрделі мәселелерді шешуге, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес инвестициялар тарту мен инновацияларды енгізу үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған шараларды жүзеге асырады. Сонымен қатар, жұмыс беруші мен кәсіподақтың қатысуымен бірге әлеуметтік әрекеттестік пен еңбек қатынастарын реттеуге; жұмысшыларды өңірлік еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлау мен кәсіби оқытуды жүргізуге жәрдемдеседі және Меморандумды жүзеге асыру бойынша өзге де іс-қимылдарды атқарады.
Бүгінгі таңда облыста өндіріс үрдістерін тұрақтандыру, жұмыс орындарын сақтау және жұмысшыларды жұмыспен қамту бойынша 1546 меморандумға қол қойылған.