Ірі көлемдегі бекіре тұқымдас балық аулаған әзірбайжандық браконьерлер ұсталды

АҚТАУ. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Каспий теңізінің Қазақстан бөлігіндегі «Құмақты» мүйісінде заңсыз балық аулап жүрген браконьерлік кеме ұсталды.
None
None
Кәсіптік жүк тасу кемесінде Әзірбайжанның 8 азаматы болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ІІД су полициясы бөліміне сілтеме жасап. Әзірбайжан Республикасының Нефтечала қаласынан ақпанның 19-ы күні шыққан браконьерлер бір апта ішінде 500 киләдан асатын 57 бекіре тұқымдас балық пен жүздеген килә май шабақтар аулап үлгерген. Шекарашылар мен су полицейлері кемеден балық аулауға тыйым салынған құралдарды да тәркіледі. Қолға түскендер шабақ аулаймыз деп салған құралдарына қызыл балықтың өзі түсіп қалғанын айтып ақталған. «Дегенмен олар шекараны заңсыз кесіп өтіп, тыйым салынған бекіре балықтарын аулады. Сондықтан заңнамадағы екі бірдей баппен қамауға алынды. Осыған орай қазір алғашқы тергеу амалдары жүргізілуде. Жасалынған іс-әрекет бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы бойынша іс қозғалып, әрі қарай соттың шешімі шығады», - дейді облыстық ІІД су полициясы бөлімінің аға анықтаушысы Зинұр Қаражанов.Бұл биыл Маңғыстау облысында қолға түскен 3-ші браконьерлік топ. Енді бірер аптадан кейін Каспийде балық аулау маусымы басталады. Шекарашылар мен су полицейлері осы кезеңге ерекше дайындық жүргізіп жатыр.
Соңғы жаңалықтар