Ірі шаруашылықтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі

ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Қызылордада облыс әкімдігінің тұрақты кеңес отырысы болып, онда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері құрылымдарын ірілендіру және "Оңтүстік" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы сервистік дайындау орталықтарын құру мәселелері қаралды,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ұлттық халық санағына дайындық мәселелеріне қатысты бірқатар аудан әкімдері хабарлама жасады. Қармақшы ауданының әкімі Биғали Қаюпов экономикалық белсенді халық тобының есебінен туындайтын жұмыссыздық деңгейіне қатысты есептің Байқоңыр қаласындағы тұрғындар санына байланысты жүйеге түспей отырғанын айтса, Қызылорда қаласының әкімі Мұрат Ергешбаев халық санағын жүргізушілердің көлікте тегін жүруі шешімін тапқанын, қаланың маңындағы саяжайлар үйлерінің реттік саны жүйеге түскенін мәлімдеді. Маңызды шараға байланысты облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Қасымбек Байкенжеев хабарлама жасады. Кеңесті жүргізген облыс әкімінің бірінші орынбасары Мадияр Алдоңғаров мемлекеттік саяси шараның маңыздылығын айрықша атап өте отырып, оған әзірлік шараларын жоғары деңгейде өткізу керектігін аудан әкімдері мен сала басшыларының есіне салды. Аталған мәселе бойынша хабарлама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Бақыт Жақанов облыс көлемінде шаруашылық құрылымдарын ірілендіру бағытында атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды. Облыс көлемінде 700-ден астам ұсақ шаруашылық бар. Оның басым бөлігі Жалағаш және Жаңақорған аудандарының үлесіне тиеді. Суармалы егіншіліктің талабына және мемлекеттің қаржылық қолдауына ие болу мақсатында қазір облыста ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру бағытында біршама жұмыстар жүргізілуде. Ол осы бағытта Шиелі ауданындағы Ы.Жақаев атындағы ауылда қолға алынған оңды жұмыстарды атап көрсетті. Осыған қарамастан аудандарда шаруашылықтарды ірілендіру мақсатындағы жұмыстар өз дәрежесінде жүргізілмей отыр. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес шаруашылықтарды ірілендіру, осының негізінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің бірлестіктерін, сервистік дайындау орталықтарын құру ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендірудің бастапқы қадамы бола алар еді. Алайда қазіргі таңда Арал ауданында ғана бірлестік құрылды. Ал сервистік дайындау орталықтарын құруға Қазалы және Жаңақорған аудандарында ғана белсенді кірісе бастады. М.Алдоңғаров шаруашылықтарды ірілендіру бағытындағы жұмыстардың Жаңақорған және Жалағаш аудандарда баяу жүріп жатқанын атап көрсетті. Ал "Оңтүстік" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп жүзеге асырылатын сервистік дайындау орталықтары Жаңақорған мен Қазалы аудандарынан басқа өңірлерде мүлдем қолға алынбай отыр. Облыс әкімінің бірінші орынбасары ірілендірудің маңыздылығын насихат арқылы түсіндіру қажеттігін атап көрсетті. Шаруашылықтардың басын қосып, ірілендіру, әсіресе, биылғы су тапшылығы жағдайында айрықша мәнге ие болады. Ол мемлекеттің жеңілдік несиесін, қаржылық қолдауын алуға, ауыспалы егістік талаптарын сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол көктемгі дала жұмыстарына уақыттың тым аз қалғанын айтып, бұл шараны тездету керектігін ескертті. Сервистік дайындау орталықтарын құру, оның мақсаты туралы "Оңтүстік" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының облыстық бөлімше директоры Дәуірбек Әбуов хабарлама жасады. Мұндай орталықтар өнімді өңдеп, сақтауға, оны сатуға ықпал жасайды. Ол сонымен бірге заңдылық және маркетингтік, кадр дайындау мәселелерімен де айналысады. Филиал директоры корпорация аясында үш облыстың көлемінде жалпы құны 22 млрд. теңге құрайтын 70 жобаның жүзеге асырылатынын, олардың тең жарымы сервистік дайындау орталықтарына бағытталатынын айтты. Тұрақты кеңесті қорытындылаған Мадияр Алдоңғаров сервистік дайындау орталықтарын құруды жеделдету, бұл жөнінде тез арада ұсыныстар беру, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына бөлініп жатқан қаржыны тиімді пайдалану қажеттігін айтып, аудан әкімдері мен сала басшыларына тиісті міндеттер жүктеді.
Соңғы жаңалықтар