Ірі су қоймаларының барлығы бірдей көктемгі тасқын суларға төтеп бере алмайды - ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Үкімет отырысында ірі су қоймаларының барлығы бірдей көктемгі тасқын суларға төтеп бере алмайтынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ірі су қоймаларының барлығы бірдей көктемгі тасқын суларға төтеп бере алмайды - ІІМ

Министрдің айтуынша, қызыл су келген кезде су қоймаларында бос орын қамтамасыз етілуі тиіс. Онсыз өзендердегі қауіпсіз деңгейді сақтап тұру мүмкін емес, дейді ол.  

«Былтыр Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы су қоймаларында бос орын болғандықтан, өзен маңындағы елді мекендерді тасқын су баса алмады. Бүгінде ірі су қоймаларының барлығы бірдей тасқын суларды толассыз қабылдауға дайын емес», - деп атап өтті Қасымов.

Министрдің айтуынша, қазірдің өзінде Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы 85 пайызға, Өскемен су қоймасы 97 пайызға, Шүлбі 86 пайызға толы. Қарағанды облысындағы Кеңгір су қоймасы 84 пайызға, Федоров су қоймасы 97 пайызға, Самарқанд 75 пайызға толысқан.