Ирина Терентьева: Басты міндет - қоғам мүшелерінің билікке деген сенімін күшейту
Бұл пікірді «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Ирина Терентьева білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ирина Терентьеваның айтуынша, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында үкіметтік емес ұйымдар мен атқарушы билік өзара бірлесе жұмыс істеуі қажеттігін атап өтті. Өйткені, осы күні олардың алдында тұрған міндеттер бір-бірімен тығыз байланысқан. Осындай бірлескен жұмыстардың арқасында ғана халықтың әл-ауқатын көтеруге болады.
«Ақмола облысының азаматтық секторы Жолдауда айтылған саяси-әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырудағы белсенді қатысушы болып табылады. Қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, қоғамдық кеңестер құрып, осы арқылы үкіметтік емес ұйымдар өңірдің стратегиялық бағыт-бағдарына қатысты өз ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік алады», -дейді Ирина Терентьева.
Айта кетейік, өткен жылдың соңында Елбасының қатысуымен өткен 8-ші Азаматтық форумда «Қазақстанның Азаматтық альянсы» азаматтық қоғамды тұрақты және тиімді дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы таныстырылған болатын. Құжат Қазақстанның таяу болашақтағы дамуының тұжырымдамалық көзқарасының азаматтық қолдауына айналатыны сөзсіз.
«Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары» атты мемлекеттік бағдарламасында бекітілген, оның негізгі міндеті – жедел және сапалы экономикалық өсу, сондай-ақ, елдегі өмір сүру деңгейін арттыру.
Жалпы, Жолдауда Президент алға қойған міндеттердің бірі- қоғам мүшелерінің билікке деген сенімін күшейту екендігі айқын көрінеді. Яғни, билік тұрғындар үшін ашық, қолжетімді болған жағдайда ғана ел-жұрттың сеніміне ие бола алады», - деп түйіндеді Ирина Терентьева.