Ирландия, Мексика, Сингапур: Қазақстан қай елдерге ІТ-қызмет экспорттап отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Сенаттың жалпы отырысында отандық ІТ-компаниялардың экспорттағы жетістігіне тоқталды.
«Қазақстанның IT-қызметтер экспорты қарқынды өсіп келеді. 2023 жылы экспорт көлемі 529 миллион долларға жетсе, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 306 миллион доллар болды. Біз халықаралық нарықтағы үлесімізді арттыра отырып, 2026 жылға қарай 1 миллиард доллар деңгейіне жетуге сенімді қадам жасап жатырмыз. Бүгінгі таңда Қазақстанның IT-қызметтері 86 елге экспортталады», - деді ол.
Жаслан Мәдиевтің пайымынша, бұл елдің цифрлық шешімдерге деген жоғары сұраныс бар екенін көрсетеді.
Министрлік ұсынған қосымша мәліметке сүйенсек, бұл саладағы экспорттың негізгі бағыттары Ресей (34,5 млн доллар), Ирландия (30,3 млн доллар), Мексика (26,6 млн доллар), АҚШ (12,6 млн доллар) және Сингапур (12,3 млн доллар).
Былтыр жетекші экспорттаушылардың көшін Netcracker, PAM, MX Credit Systems, Ozon, MyTona және Playrix компаниялары бастаған.
Осыған дейін елімізде тағы үш жер серігі құрастырылатыны туралы жаздық.