22:26, 14 Наурыз 2013 | GMT +5
«Исабеков әлемінен» сыр шертетін фильм жарық көрді
АЛМАТЫ. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда жазушы, драматург ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтің өмірі мен шығармашылық жолын баяндайтын «Исабеков әлемі» деп аталатын деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған бұл туындының режиссері Нұргелді Садығұлов.

«Ұзақтығы 56 минут болатын бұл деректі фильмнің басқа фильмдерден өзіндік ерекшелігі бар. Ол басты рөлді Д.Исабековтің өзінің сомдап, өзі жүргізуі. Қазақ киносына еңбегі сіңген әйгілі қаламгерге арнап фильм түсіру біз үшін міндет болатын»,- дейді фильм продюсері Сәбит Әбдіхалық. Оның айтуынша, бұл шара жазушының «Цезарь» кинотеатрындағы 2 күндік шығармашылық күндерімен тұспа-тұс келіп отыр. Ол енді Дулат Исабековтің «Гауһартас», «Дермене», «Лотерея» фильмдерінің көрсетілімдеріне ұласпақ. Ал кеш иесі: «Шығармаңды кітап етіп жазғаннан гөрі, заманға сай кино етіп түсіру бүгінгі таңда тиімді болып отыр. Себебі 1,5 сағаттық киноны көрер халық көп, ал кітапты оқу үшін біраз уақыт кетеді», дейді.