Исекешев шетелдіктерді Қазақстанға Бораттың емес өздерінің көзімен қарауға шақырды

«ЭКСПО қонақтарына толыққанды шаралар бағдарламасы әзірленуде. Көрме өтетін кезеңде 500-ден астам мәдени ойын-сауық шараларын өткізу жоспарланған. Біз қазақ халқы мәдениетінің бүкіл тарихын, көшпелілер өркениетінің мәдениетін, сонымен бірге Қазақстанда тұрып жатқан өзге де халықтардың мәдениетін көрсеткіміз келеді. Сондықтан елорда қонақтары үшін 3 ай бойы Қазанат ипподромында шығыс базары, зергерлер, сахна алаңдары бар үлкен этно ауыл болады», - деді Әсет Исекешев.
Оның атап өтуінше, аталған этно ауылда елорда қонақтары қолөнершілердің жұмыстарын, ат жарысын көріп, ұлттық ас мәзірінен дәм тата алады, ұлттық ойындарға қатысуға мүмкіндіктері болады.
«Құрметті достар, көшпелілер өркениетінің бесігі, Ұлы дала ордасы жаңа Астанаға қош келдіңіздер! «Бораттың» көздеріне емес өздеріңіздің сезімдеріңіз бен көздеріңізге сеніңіздер. Біз барлықтарыңызды күтеміз», - деді Әсет Исекешев.
Айта кетерлігі, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі үстіміздегі жылдың 10 маусымында басталып, 10 қыркүйекте аяқталатын болады. Көрмеге 2 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. Олар көрмені кемінде екі мәрте аралайды деп жоспарланған. Жалпы көрмені тамашалаушылардың 85 пайызы Қазақстан азаматтары, ал қалған 15 пайызын шетелдіктер құрайды. Шетелдіктердің басым бөлігін ТМД елдерінің және Қытайдың азаматтары құрайды деп күтілуде. Қазіргі уақытта 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым ЭКСПО көрмесіне қатысатындығын ресми түрде растап отыр.