Ішімдік ішіп, елдің мазасын алған үш жолаушы пойыздан түсірілді

ШАЛҚАР. ҚазАқпарат – Көлік полицейлері «Атырау-Алматы» бағытындағы пойыздан масайып қалған үш жолаушыны түсіріп алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ішімдік ішіп, елдің мазасын алған үш жолаушы пойыздан түсірілді

«Шалқар станциясында көлік полицейлері «Атырау - Алматы» бағытындағы пойыздан үш жолаушыны алып қалды. Тексеру барысында 1971, 1978 және 1985 жылы туған үш азаматтың масайып, өздерін ашулы ұстап, адамдардың ар-намысына тіл тигізгені, осылайша жолаушылардың тыныштығын бұзғаны анықталды. Үшеуі де - Жамбыл облысының тұрғындары», - деп хабарлайды департаменттен.

Медициналық тексеру барысында үшеуінің орта дәрежеде мас болғаны белгілі болған.

«Құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБжК 440-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 5 АЕК (12 625 теңгеден) көлемінде айыппұл салынды» делінген хабарламада.

Жыл басынан бері жалпы 46 301 адам әкімшілік құқықбұзушылыққа тартылып, оның 5501-і алкогольдік ішімдік ішіп, елдің тыныштығын бұзғаны үшін жазаланған. Оларға жалпы сомасы 85 млн теңгенің айыппұлы салынған.